1 жартыжылдықта 11 кәсіпорын «Өнімділік-2020» бағдарламасына қосылды

АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - «Үстіміздегі жылы «Өнімділік-2020» бағдарламасына  11 кәсіпорын қосылды, деп хабарлады «Қазақстандық индустрия  дамыту институты» АҚ өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту орталығының директоры Салтанат Жұмабекова  pm.kz сайтына берген сұхбатында.

1 жартыжылдықта 11 кәсіпорын «Өнімділік-2020» бағдарламасына қосылды

«І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 11 кәсіпорын бағдарламаға қосылды,  олардың дені  машина жасау және құрылыс индустриясы кәсіпорындары», - деп атап өтті Салтанат Жұмабекова.

С.Жұмабекова атап өткендей,  «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру аясында үй құрылысы комбинаттары құрылуда,  сондықтан осындай комбинат құруға қызығушылық танытқан  ұйымдар  «Өнімділік-2020»  бағдарламасы бойынша лизингтік қаржыландыруды пайдалануларына болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы 27 өнеркәсіптік кәсіпорын бағдарламаның қатысушылары  болған еді.  Лизингтік қаржыландыру 2  жоба - «Оңтүстік-құрылыс-сервис» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ-ы   бойынша ашылып та қойды. Бүгінгі күнде Қазақстанның 14 аймағында  өнеркәсіптің 8 саласында жұмыс істейтін  38 өнеркәсіптік  кәсіпорын  бағдарламаға  қатысып отыр.

«Өнімділік-2020» бағдарламасы  үдемелі индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы  шеңберінде құрылған,  негізгі мақсаты еңбек өнімділігін ұлғайту арқылы отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.