1-жартыжылдықта 440 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 1-жартыжылдықта 440 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін бірінші кезекте Отбасының цифрлық картасы аясында жұмысқа тартылуы тиіс мақсатты топ анықталды. Бұл азаматтарды жұмыспен қамту мәселелерін тиісті деңгейде жүргізу мақсатында облыс әкімдерімен 20 өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітіліп, олардың аясында 947 мың азаматты жұмысқа тарту қарастырылды. Есептік кезеңде 441 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, бұл жылдық көрсеткіштің 47 пайызын құрайды. Оның ішінде жастардың үлесі 50 пайызға жуықтайды. Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 79 пайызы қазіргі таңда 10 пайыздық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып, өздерінің тұрақты түрде жұмыс істеп жатқандарын растап отыр», - деді ол.
Оның дерегінше, 11 ұлттық жобаны іске асыру аясында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ең көп жұмыс орындары «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту», «Жасыл Қазақстан» жобалары аясында ашылуда.
«Бүгінгі таңда бұл жұмыс орындарына 19 747 азамат жұмысқа орналастырылды. Оның 44 пайызы - жастар, ал 38 пайызы - әйелдер. Бұл бағытта Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласының жұмысы жақсы жүргізілуде. Дегенмен, Ұлытау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында жұмысқа тартылған азаматтардың зейнетақы төлемдерін аудару көрсеткіштері 40 пайызға жетпей отыр», - деді Тамара Дүйсенова.