16:56, 15 Қазан 2012 | GMT +5
1 жасқа дейінгі шетінеген нәрестелер саны 2,6 пайызға азайды
АСТАНА. 15 қазан. ҚазАқпарат - Биылғы қаңтар-тамызда АХАТ органдарында 257,8 мың жаңа туылған нәрестелер тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігіндегі брифингте аталған ведомствоның басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында АХАТ органдарында 257,8 мың жаңа туылғандар тіркелді. Бұл көрсеткіш 2011 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,8 пайызға артық»,-деді Ә. Смайылов.
1 мың адамға шаққандағы туудың жалпы коэффиценті 23 туған нәрестелерді құрайды. Сонымен қатар ведомство басшысы биылғы қаңтар-тамыз айларындағы өлім-жітім саны 97,4 мың адамды құрағанын, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,5 пайызға төмен екенін атап өтті.
Айта кетейік, 2012 жылғы қаңтар-тамызда республикада 1 жасқа дейінгі 3644 нәресте өлімі тіркелді. 2011 жылғы қаңтар-тамызбен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәрестелер саны 2,6 пайызға азайды.