1 желтоқсан - халқымыздың бақ шамының жанған күні - Ғарифолла Есім

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - тәуелсіз мемлекеттілік символы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

1 желтоқсан - халқымыздың бақ шамының жанған күні - Ғарифолла Есім
«Ғасырлар арманы орындалды. 1991 жылғы 1 желтоқсанды жаңа заманның басы деуге болады, Тәуелсіздік салтанаты орнады. Бұл күні халық өзінің еркін білдіріп, тұңғыш рет халықтың ортасынан шыққан, еңбегімен, білімімен, елге деген асыл ынта-жігерімен көрінген азаматын - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Президент етіп сайлай алды. Бұл болмаған оқиға еді»,-деді Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультеті философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім.  Осы орайда Ғ. Есім аталған датаны қазақ халқының бақ шамының жанған күні деп атап өтті.  «Біз «қазіргі заман» деп айтамыз. Менің ойымша, «қазіргі заман» осы 1991 жылғы 1 желтоқсаннан басталады. Неге десеңіздер, халықтың еркі бәрінен биік. Халық өз еркімен 1 желтоқсан күні таңдауын жасап, Президентін жаппай сайлады. Сондықтан қазақтың бақ шамы жанған күні, яғни осы атаулы күн біз үшін ерекше»,-деді ол.  Конференцияның мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды сәтті жүргізудегі, сонымен қатар еліміздегі қауіпсіздік, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі қызметін талқылау. Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері, саясаттанушы ғалымдар мен сарапшылар, азаматтық қоғам институтының өкілдері қатысуда.