Қай министрліктер мен әкімдіктер бюджет қаржысын игере алмаған

бюджет
Фото: Рустем Айтхожин / Kazinform.

Биыл 10 айда 4 министрлік пен 4 облыс әкімдігі бюджет қаражатын ең көп иегере алмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары - 98,2, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,4, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,2 пайызға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 18 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 107 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу 16 млрд теңге болды. Игерілмегені – 91 млрд. теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат; Су ресурстары және ирригация; Экология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты», - деді Дәурен Темірбеков.

Вице-министр игерілмеудің негізгі себептері ретінде конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізуді, өнім берушілердің тауарларды жеткізбеуін, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөнінде нормативтік құқықтық актілерді уақтылы қабылдамауын, шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақтылы ұсынылмауын, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілгенін, министрліктердің қайта ұйымдастырылуын атады.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 10 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 294 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашаға 1 трлн 261 млрд теңге бөлінген. Оның 94,4 пайызы игерілген. Атқарылмағаны – 71 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу. 69 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана және Алматы қалаларында, Маңғыстау және Ақмола облыстарында қалыптасты», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар