10 айда құқық қорғау органдары 8 мыңнан астам есірткімен байланысты қылмыстарды анықтады - үйлестіру кеңесінің отырысы
АСТАНА. Желтоқсанның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде елдегі есірткімен байланысты жағдайды сауықтыру үшін құқық қорғау және басқа да органдар тарапынан жүйелі шаралар атқарылуда және бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін беріп отыр.
Ағымдағы жылдың 10 айында құқық қорғау органдары тарапынан 8 мыңнан астам есірткімен байланысты қылмыстар анықталды. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің отырысы барысында журналистермен сұхбаттасқан Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш мерзімде есірткі саудасымен айналысып жүрген 9 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеттері әшкереленген. Олар осы уақытқа дейін 44 есірткімен байланысты қылмыстық әрекеттерді жүзеге асырған. Сондай-ақ есірткіні контрабандалық жолмен таратудың 200 фактісінің жол кесіліп, 30-ға жуық есірткі притондарының жұмысына тосқауыл қойылған. Ал заңсыз айналымнан 26 тоннаға жуық есірткі алынған. «Бұған қоса өкілетті органдар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан сауықтыру шаралары жүргізілуде. Тек Ішкі істер министрлігінің бастамасымен бұқаралық ақпарат құралдарында жағдайды сауықтыру бағытындағы
8 мыңнан астам материалдар жарияланып, 7 мыңнан астам есірткіге қарсы акциялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ 400-ге жуық дөңгелек үстел отырыстары мен 700 спорттық жарыстар өтті», деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, қазір есірткіге елітушілерді емдеу шаралары да маңызды болып отыр. Осыған қарай еліміздің денсаулық сақтау саласы тұрақты түрде есірткіге құмартқандардың арнайы есебін жасап, емдеу шараларын жүргізуде.