10 айда өңделген тауарлар экспорты 23,3 млрд АҚШ долларына жетті - ҰЭМ

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қаңтар-қазанда еліміз 68,5 млрд доллардың тауарын экспортқа шығарды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

 10 айда өңделген тауарлар экспорты 23,3 млрд АҚШ долларына жетті - ҰЭМ
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Биыл қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 116,9 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт 68,5 млрд АҚШ долларына, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 23,3 млрд АҚШ долларына жетті. Тауарлар импорты 48,4 млрд АҚШ долларын құрады. Оң сауда балансы 33,4 пайызға өсіп, 20,1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды, - деді Нұрлан Байбазаров.

Оның дерегінше, өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталып отыр. Өндіріс көлемі 5,3 пайызға дейін жеделдеді. Өсу 14 өңірде тіркелді. Ең үлкен өсу қарқыны Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Қарағанды облыстарында байқалады.

- Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім негізінен металлургия өндірісінің 7,2 пайызға және машина жасаудың 6,9 пайызға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, химия өнеркәсібі өндірісі - 8,4, фармацевтикалық өнімдер – 21, азық-түлік – 2,1, металл бұйымдары – 29,5 және жиһаз 12,8 пайызға өсті. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,1 пайызға дейін баяулады. Бұл мұнай өндірудің 2 пайызға және табиғи газ өндірудің 0,3 пайызға қысқаруына байланысты. Бұл ретте металл кендерін өндіру - 7,9, көмір өндіру 1,9 пайызға артты, - деді ол.

Соңғы жаңалықтар