10 елдің 100-ге жуық әртісі «Астана-Арқау» фестивалінің қонағы болмақ
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Астананың 15 жылдық мерейтойы аясында елордада «Астана-Арқау» түркі музыка фестивалі өтеді. Тыва, Якутия, Таулы Шория, Башқұртстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолияның 100-ге жуық әртісі «Астана-Арқау» фестивалінің қонағы болмақ. Бұл жайында astana.kz сайтына Астана қаласының 15 жылдық мерейтойын ұйымдастырушы комитет хабарлады.
Соңғы бес жылда аталған фестивальдің түркі халықтарының мәдени өмірінде алатын орны бөлек десек, артық айтқандық емес. Осы уақыт аралығында бұл мәдени шараға түркі халықтарының дәстүрлі музыка өнерін насихаттаушы 400 музыкант және ғалым қатысқан.
Фестивальдің тұрақты қонақтарының арасында вокал шеберлері, аспапшылар және Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, сонымен қатар, Алтай, Башқұртстан, Гагаузия, Хакасия, Саха, Татарстан, Тыва сынды түркі ұлттық автономиялары да бар.
Осы сынды түркі музыкалық мұрасының бай қорын насихаттауға арналған мәдени шаралар Астана қаласында жиі өткізіліп тұрады.
«Астана-Арқау» фестивалінің бағдарламасы заманауи түркі әуендері этномузыкасын жан-жақты қырынан танытуға арналған. Биыл да фестиваль қонақтары әр елдің вокалистері мен бірегей музыкалық шығармаларын көруге әрі тыңдауға зор мүмкіндік алады.
Осы жылдың маңызды тақырыптарының бірі - фольклордағы өмір. Астана- Арқау» фестивалінің сахнасына тывалық «Хуун Хуур Ту», Якутиядан келген Вероника Лыткина, Таулы Шория атынан «От Эне» этно-тобы, Башқұртстанның намысын қорғайтын Радиф Бұхарбаев, Түркіменстан мәдениетін дәріптейтін Сердар Хайдаров, өзбекстандық «Наво» тобы, қырғызстандық Назира Тоқонова, сонымен қатар Қазақстан мен түркі елдерінің өзге де 100-ге жуық жеке орындаушылары мен ұжымдары өз өнерлерін паш етеді.
Фестиваль барысында түркі музыкасы жеке орындаушыдан басталып, эпикалық шығармалар сынды түрлі жанрда ұсынылатын болады.