10 елдің тоғызқұмалақшылары бақ таластырған турнир аяқталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада 2-6 наурыз күндері аралығында мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өтті, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан мәлім еткендей,биыл он бірінші мәрте ұйымдастырылған бәсекеге Қазақстаннан, Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Түркия және Тәжікстаннан 20 команда, барлығы 220 адам қатысты. Жарыс тоғызқұмалақтың классика түрінен 9 турмен, жас ерекшелігі бойынша 4 топта өтті.
Ойынның мақсаты - Елбасы бастамасы аясында ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал ететін тоғызқұмалақты дамыту, халық арасында кеңінен насихаттау, спорттық шеберлікті және зияткерлік қабілетті қалыптастыру.
Жарыс нәтижесінде, «Ең жас ойыншы» номинациясында 6 жастағы Арал ауданынан Інжу Өмірбай, «Ең жасы үлкен ойыншы» номинациясында 70 жастағы оңтүстікқазақстандық Тілеу Құдияров топ жарды. Жарысқа белсенді қатысқаны үшін бірқатар елдердің өкілдеріне дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді. Сондай -ақ 2017 жылдың қорытындысы бойынша тоғызқұмалақтан «Үздік ойыншы» аталымында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, жерлесіміз Ақерке Кенжебекова марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Турнир нәтижесі:
15 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар:
I орын Балнұр Айжарық (Қызылорда)
II орын Зарина Асыбек (Қызылорда)
III орын Гүлзат Қыстаубаева (Арал ауданы)
15 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар:
I орын Дамир Ахметов (Сырдария)
II орын Бексайыр Айтмаханов (Қызылорда)
III орын Жарылқасын Беркінбаев (ОҚО)
Әйелдер арасында:
I орын Әсел Дәлиева (ОҚО)
IIорын Салтанат Сапарбекова (ОҚО)
III орын Айтұрған Мақсатбекқызы (Қырғызстан)
Ерлер арасында:
I орын Ғалымжан Темірбаев (Астана)
II орын Саят Жандарбек (ОҚО)
III орын Бексұлтан Бостандықов (Қызылорда)
Айта кетейік, Нәлқожа Ақбалаұлы Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында із қалдырған белгілі қоғам қайраткері. Елге адал қызмет жасаған азамат 2 мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Бүгінде Сырдария ауданы мен ауылдардағы мектептер, мәдениет үйлерінің бірқатары бір кездері осы ауданды басқарған Нәлқожа Ақбалаұлының бастамасымен салынды. Былтырдан бастап халықаралық мәртебеге ие болған турнирге жыл өткен сайын қатысушылар саны көбейіп, маңызы арта түсуде.