10 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 10 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні
2022 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мерекелік күндер қатарына «10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күні» қосылды.
Бұл кәсіби мерекенің белгіленуі цифрлық трансформацияны жүзеге асырып жүрген мемлекеттік қызметшілер, IT-кәсіпкерлер мен IT-нарық өкілдері үшін маңызды. Өйткені олар экономиканың барлық саласын цифрлық тұрғыдан жаңғыртуға серпін беріп, осы бағыттағы өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып отыр. Сондықтан олардың кәсібіне еңбек нарығында сұраныс жоғары.
Дүниежүзілік жастар күні
Бұл күн 1945 жылғы 29 қазан мен 10 қараша аралығында Лондонда өткен Дүниежүзілік жастар конференциясында Демократиялық жастардың дүниежүзілік федерациясының құрылғанына орай белгіленген. Алғаш рет 1947 жылы Чехияның Прага қаласында аталып өтті.
Демократиялық жастардың дүниежүзілік федерациясы – халықаралық демократиялық жастар қозғалысының орталығы. Ол жастарды нәсіліне, саяси көзқарасына, діни сеніміне, ұлтына және өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, бір ұйымға біріктіреді.
Дүниежүзілік бейбітшілік пен даму жолындағы ғылым күні
БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген бұл мереке 2001 жылы ресми түрде жарияланып, 2002 жылдан бастап жыл сайын аталып өтеді. Оны белгілеу туралы шешім 1999 жылы Будапештте өткен Дүниежүзілік ғылыми конференцияда қабылданған. Мерекенің мақсаты – ғылымның қоғам өміріндегі маңызын арттыру, сондай-ақ ғылыми-техникалық жетістіктерді бейбітшілік пен адамзат игілігіне қызмет етуге бағыттаудың маңызын насихаттау.
Бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлерінің күні
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 20 қаңтардағы №16 бұйрығымен кәсіби мерекелер тізбесіне өзгерістер енгізіліп, 10 қараша Бухгалтерлік есеп және аудит саласы қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Осылайша бухгалтерлер мен аудиторлардың кәсіби мерекесі Қазақстанда алғаш рет мемлекеттік деңгейде бекітілді. Бұған дейін бухгалтерлер кәсіби мерекесін 6 қазанда бейресми түрде атап өткен. Бұл дәстүр 2003 жылы Бухгалтерлердің орталық үйінің бастамасымен қалыптасқан. Айта кетейік, 10 қарашада жыл сайын Халықаралық бухгалтерлік есеп күні де атап өтіледі.
Халықаралық бухгалтерлер күні
Бұл мереке әлемдегі бухгалтерлік есеп туралы алғашқы кітаптың жарық көруіне орай белгіленген. 1494 жылғы 10 қарашада италиялық математик Лука Пачоли «Арифметика, геометрия және пропорция туралы» еңбегін басып шығарды. Оның «Шоттар мен жазбалар туралы» тарауында Венециядағы бухгалтерлік есеп жүргізу тәртібі жан-жақты сипатталған. Бұл еңбек қосарлы бухгалтерлік есеп әдісін түсіндірген алғашқы баспа кітап саналады. Онда қазіргі бухгалтерлік есеп жүйесінде қолданылатын негізгі есеп жүргізу тәртібі қамтылған. Аталған кітап кейін коммерциялық бухгалтерлік есептің дамуына негіз болды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1921 жылы Қазақ Орталық атқару комитеті «Мал ұрлығына қарсы күрес туралы» декрет қабылдады. Құжатта мал ұрлығы халық шаруашылығына әсер ететін қылмыс ретінде бағаланып, малды бірнеше рет ұрлағандар мен қарақшылық жасап мал айдап әкеткендерге өлім жазасына дейінгі қатаң жаза қарастырылды. Мұндай жаза ұрланған малды жасырғандарға, ұрыларға қолғабыс еткендерге және қолды болған малды сатумен айналысқандарға да қолданылды. Декретке сәйкес, жылқы, түйе және ірі қара ұрлығына қатысты қылмыстық істерді қарау халық соттарының қарауынан алынып, губерниялық трибуналдардың әскери бөлімдеріне берілді.
1940 жылы орыс графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі қолданысқа енгізілді. С. Аманжолов құрастырған әліпбиде 42 әріп болды. Оның 33-і орыс әліпбиінен алынса, тоғызы қазақ тіліне тән Ә, Ғ, Қ, Ң, Ө, Ұ, Ү, Һ, І әріптері еді. 1957 жылға дейін Ұ әрпінің орнына Ӯӯ таңбасы қолданылды. Әуелде қазақтың төл әріптері әліпбидің соңына орналастырылып, кейін дыбысталуы ұқсас орыс әріптерінен кейін берілді.
2003 жылы «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ құрылды. Қордың негізгі мақсаты – кредиторлармен (екінші деңгейлі банктер мен ипотекалық ұйымдар), сақтандыру компанияларымен және инвесторлармен кредиттік тәуекелдерді бөлісу арқылы халықтың ипотекалық несие бағдарламаларына қолжетімділігін арттыру.
2005 жылы «Қазпошта» АҚ жаңа пошта маркаларының топтамасын шығарды. Маркада «Бәйтерек» сәулет нысанының аясында шыршамен безендірілген Жаңа жыл сағаты бейнеленген. Ол офсеттік баспа әдісімен бес түсте басылып, 50 мың дана таралыммен жарық көрді.
2011 жылы Үндістан Парламентінде Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі достық тобы құрылды. Оның құрамына Үндістан Парламентінің төменгі және жоғарғы палаталарындағы белгілі депутаттар кірді.
2013 жылы Өскеменде Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында автомобиль өндірісінің толық циклін қамтитын зауыттың құрылысы басталды.
2013 жылы Түркияның табиғаты көркем Болу провинциясында «Көроғлы» атты алғашқы халықаралық мәдениет және өнер фестивалі өтті. Фестиваль аясында қазақ халқының көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын таныстыратын жәдігерлер, Қазақстан туралы басылымдар, сондай-ақ еліміздің елордасы мен қайталанбас табиғаты бейнеленген түрлі түсті фотосуреттер топтастырылған альбомдар көпшілік назарына ұсынылды.
2014 жылы Мәскеу уақытымен сағат 06:58-де Арқалық қаласынан 82 шақырым жерге ХҒС экипажы мінген «Союз ТМА-13М» ғарыш кемесінің түсіру аппараты Жерге қонды. Экипажбен бірге ғарышта өсірілген дрозофила шыбындары да Жерге жеткізілді. Ғалымдар бұл шыбындар арқылы ғарыштағы салмақсыздықтың тірі организмдердің өсуі мен дамуына әсерін зерттеген. Зерттеу нәтижелері алыс ғарышты игеруге негіз болмақ.
2018 жылы елордадағы MEGA Silk Way сауда орталығында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің рухына арналған D10 WORLD көрмесі ашылды.
Көрмеге маңызды спорттық жарыстардан түсірілген фотосуреттер, әріптестері мен достары әзірлеген бейнежоба қойылды. Сондай-ақ экспозицияға Денис Теннің шығармашылық қырын танытатын жеке жұмыстары мен көрерменге ерекше әсер сыйлайтын жанрлық суреттері де енді.
2020 жылы Халықаралық түркі академиясы көрнекті шығыстанушы, түркітанушы ғалым, мажар түркітану ғылымының негізін қалаушылардың бірі Дьюла Неметтің туғанына 130 жыл толуына орай «Мажар түркітануы» атты халықаралық онлайн-конференция өткізді.
Конференция аясында белгілі мажар ғалымы Мандоки Қоңыр Иштванның «Ажырамас тамырлар» атты кітабы алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді. Еңбекте Мажарстандағы ежелгі қуман-қыпшақтардың тілі мен жер-су атауларына, сондай-ақ Дунайдың төменгі ағысындағы Добруджа өңірін мекендеген татар-ноғай түркі қауымының тілі мен ауыз әдебиетіне қатысты зерттеулер мен деректер қамтылған.
2020 жылы қазақстандық кинорежиссер Арман Баймұратовтың «Өзгеріс» фильмі Қытайда өткен VIII Азия қысқаметражды фильмдер фестивалінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің шетелдік туындылары арасында үздік деп танылған жұмыстардың қатарына енді.
Аймақтық кинофестивальге Қытай мен әлемнің тағы 20 елінен режиссерлер 5 мыңнан астам өтінім жолдады.
2022 жылы Астанада «Asia Grains & Oils Conference in Qazaqstan 2022» халықаралық конференциясы өтті. Жиынға Орталық Азияның астық және майлы дақылдар нарығындағы ірі экспорттаушылар, өңдеушілер, инвесторлар, логистика саласының өкілдері, сарапшылар мен заңгерлер қатысты. Сол жылы Қазақстан 1,85 млн тонна ұн экспорттады.
2023 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық пәнаралық олимпиадада Алматы қаласындағы №144 мектеп-гимназияның оқушылары жүлделі орындарға ие болып, барлығы 24 марапат иеленді. Оның ішінде зияткерлік байқаудың бас жүлдесі – Анталия туризм академиясында білім алуға арналған грант та бар. Олимпиадаға 14 елден 750 оқушы қатысты. Байқауда №144 мектеп-гимназияның атынан 12 оқушы бақ сынады.
2023 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері арасында визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді.
2024 жылы Павлодарлық оқушы Игорь Мартынюк пен студенттер Роман Устименко және Жан Бейсекеев NASA ұйымдастырған SPACE APPS CHALLENGE 2024 халықаралық байқауының әлемдік кезеңіне өтіп, Қазақстан атынан қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың Күн жүйесінің үш өлшемді моделін ұсынатын Blinkdevs.co сайты байқау аясында жоғары бағаланды.
2024 жылы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде өткен спорттық және жауынгерлік самбодан әлем чемпионатында Нұрила Асанқызы әйелдер арасындағы жауынгерлік самбодан топ жарды. Бұл спорт түрі чемпионат бағдарламасына алғаш рет енгізілді. 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі финалда отандасымыз Түрікменстан спортшысы Сабина Агажанованы 7:4 есебімен жеңді.
2025 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінде Цифрландыру және IT қызметкерлері күніне орай цифрлық жобалардың таныстырылымы өтті. Онда әскерге шақыру, жауынгерлік даярлық және әскери қызметшілерді оқыту жүйесін жетілдіруге арналған жаңа шешімдер таныстырылды. Көрме залында ұйымдастырылған 16 интерактивті аймақта қонақтар цифрлық қызметтердің жұмысымен танысты. Солардың бірі – әскерге шақыру туралы SMS-хабарлама жіберу, азаматтарды әскери есепке автоматты түрде тіркеу және әскерге шақыруды кейінге қалдыруды рәсімдеу қызметтерін біріктіретін «Smart военкомат» жүйесі. Sarbaz 2.0 мерзімді әскери қызметшілердің жетістіктерін тіркеп, олардың арасынан білім гранттарына үміткерлерді анықтауға көмектеседі. Ал Askeri Ziyat бірыңғай білім беру платформасы арқылы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери колледждер мен жоғары оқу орындарына онлайн өтініш беруге болады. Бұдан бөлек ARMIA.KZ интеллектуалды кеңесшісі әскери қызметке қатысты сұрақтарға жауап беріп, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сай ақпаратын автоматты түрде жаңартады. «Бес қару» жобасында ЖИ алгоритмдері әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық нәтижелерін талдап, әрқайсысына жеке ұсыныстар әзірлейді.