10 қараша. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 10 қараша күні дүниеге келген тұлғалардың күнтізбесін ұсынады.

10 қараша. Туған күн иелері

null

ЕСІМДЕР

109 жыл бұрын (1909-1986) сәулетші, сәулет өнері ғылымының профессоры, КСРО құрылыс және сәулет академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Малбағар МЕҢДІҚҰЛОВ дүниеге келді.
Ресей Федерациясының Орынбор облысында туған. Ташкенттегі Орталық Азия индустрия институтын бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
1953-1955 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясының сәулет, құрылыс және құрылыс материалдары институтының директоры. 1955-1956 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жанындағы сәулет істері басқармасының бастығы. 1957-1962 жылдары - КСРО Құрылыс және сәулет академиясы қазақ бөлімшесінің жетекшісі. 1964-1971 жылдары - Алматы қаласының бас сәулетшісі. 1971-1981 жылдары - Қазақ политехникалық институты сәулет тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Көптеген ғимараттар жобаларының авторы, оның ішінде Алматыдағы шарап зауыты үйі мен Неке сарайын, Батыс Қазақстаңдағы мемориалды мешіт-ғимараттарды бір жүйеге келтіріп, ғылыми тұрғыда зерттеудің негізін калады. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Шопан Ата, Бекет Ата, Асан Қожа, Сейсен Ата кесене-кешендері жайлы құнды бірегей басылымдар жарық көрді.
Жауынгерлік Қызыл Ту, 1, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Ол тұрған үйде мемориалды тақта орнатылған, Алматыдағы бульварға есімі берілген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында М.Меңдіқұлов стипендиясы мен үздік диплом бекітілген, аудитория ашылған.


90 жыл бұрын
 (1928-1983) жазушы  Нұтфолла ШӘКЕНОВ дүниеге келді.
Павлодар облысының Ақсу ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Студент кезінен өлең, очерк, мақалалары баспасөз бетінде жарияланып, «Социалистік Қазақстан» газетінде, сосын «Пионер» журналында қызмет істеген. Университетті бітіргеннен кейін 20 жыл бойы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында аға оқытушы болған. Одан кейін Қазақ радиосында әдеби-драмалық хабарлар редакциясының бас редакторы, «Қазақстан пионері» газетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, жас әдебиетшілер жөніндегі жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 20-дан астам кітабы жарық көрген, жүздеген ән мәтіндердің авторы.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

64 жыл бұрын (1954) ЕҚЫҰ-ның Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі  Мәдина Бинешқызы ЖАРБОСЫНОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы педагогикалық шет тілдер институтын, КСРО Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасын бітірген. Филология ғылымының кандидаты, 2-сыныпты Төтенше және Өкілетті уәкіл.
Алматы педагогикалық шет тілдер институтының оқытушысы, аға оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының аға оқытушысы болып қызмет атқарған. 1991-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Шетелдік ақпарат және аудармалар секторының меңгерушісі. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, Халықаралық ұйымдар және халықаралық экономикалық қатынастар басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көпжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының бастығы - 1-департамент директорының орынбасары. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 1-департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 1999-2003 жылдары БҰҰ-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қосымша атқарған. 2003 жылдың ақпанынан наурызына дейін - Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының Төрайымы. 2003 жылдың тамызынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі. 2013 жылдың мамыр айында ЕҚЫҰ-ның Украинадағы жобаларының үйлестірушісі болып тағайындалды. 2014 жылдың маусым айында ЕҚЫҰ-ның Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды.


62 жыл бұрын
 (1956) ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі  Майра Арапқызы АЙСИНА дүниеге келді.
Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Костомаровка ауылында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін математика пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша; Алматы саясаттану және басқару институтын саясаттану мамандығы бойынша; Қазақ гуманитарлық-заң университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1974 жылы Қарағанды қаласы №27 орта мектебінде бастаған. 1975-1976 жылдары - Қарағанды қаласы «Юбилейный» кинотеатрының мәдени-көпшілік жұмысын ұйымдастырушысы. 1976-1979 жылдары - Қарағанды қаласы №49 орта мектебінің аға пионер жетекшісі. 1979-1980 жылдары - Қарағанды қаласы №49 орта мектебінің мектептен тыс жұмысты ұйымдастырушысы, математика пәнінің мұғалімі. 1980-1982 жылдары - ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің нұсқаушысы. 1982 жылы - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің мектеп жастары мен пионерлер бөлімінің нұсқаушысы, Республикалық пионерлер ұйымының жауапты хатшысы. 1982-1986 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің мектеп жастары мен пионерлер бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Республикалық пионерлер ұйымы төрағасының орынбасары. 1986-1989 жылдары - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің оқушы жастар мен пионерлер бөлімінің меңгерушісі. 1989 жылы - Қазақстан ЛКЖО ОК-нің жастарға білім беру бөлімінің меңгерушісі. 1989-1991 жылдары - Алматы саясаттану және басқару институтының тыңдаушысы. 1991-1992 жылдары - Қазақ КСР халық депутатының көмекшісі. 1992-1993 жылдары - «Жаңару» Қазақстанның әлеуметтік-экологиялық даму қорының әлеуметтік қорғау және бейімдеу секторының меңгерушісі. 1993-1994 жылдары - Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеттің білім беру бөлімінің бастығы. 1994 жылы - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің жастар саясаты бас басқармасының бастығы. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыру-кадр жұмысы бас басқармасының бастығы. 1995-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыру жұмысы басқармасының бастығы. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыру жұмысы басқармасының бастығы. 1997 жылы - Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің үйлестіру және бақылау департаменті ұйымдастыру және құжаттамамен қамтамасыз ету басқармасының бастығы. 1997-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары. 2001 жылы - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің консультанты. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі білім секторының меңгерушісі. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі білім секторының меңгерушісі. 2005-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі. 2006 жылы - «Отан» Республикалық саяси партиясы Орталық аппаратының басшысы. 2006-2007 жылдары - «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Орталық аппараты басшысының бірінші орынбасары. 2007-2011 жылдары - IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2012-2016 жылдары - V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қазіргі қызметінде 2016 жылғы наурыздан бері.
«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері», «Қазақстан Республикасындағы туризмді дамыту ісіне сіңірген еңбегі үшін», Ы.Алтынсарин атындағы, «Ғылымдағы табыстары үшін» белгілерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.


60 жыл 
бұрын (1958) Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ректоры  Шырын Асылханқызы ҚҰРМАНБАЕВА дүниеге келген.

Семей қаласында туған. Қазіргі Қазақ Ұлттық университетін, тарихшы (1980) және Қазақ заң академиясын, заңгер (2000) мамандықтары бойынша бітірген. Тарихшы, саясаттану ғылымның докторы (2003), профессор (2006). Ресей саясаттану академиясының толық мүшесі. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2004). 
Еңбек жолы: Семей мал дәрігерлік институтында ассистент (1980-1982), Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялары институтында стажер-ізденуші (1982-1984); Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялары институтында оқытушы (1984-1990); Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялары институтында аға оқытушы (1990-1994);  Семей ет және сүт өнеркәсібі технологиялары институтында аға оқытушы, доцент (1994-1998), Қазақ заң академиясы Семей филиалының директоры (1998-2000); Семей заң институтының директоры (2000-2003); «Қазақ гуманитарлық-заң университеті» ЖАҚ-тың Семей Заң институтының директоры (2002-2003), «Қазақ гуманитарлық-заң университеті» АҚ-тың Семей заң институтының ректоры (2003-2007); М.О. Әуезов атындағы Семей университетінің президенті (2007-2009). Қазіргі лауазымын 2009 жылдың ақпанынан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерейтой медалімен (2011); «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтой медалімен (2015);

«Шапағат» медалімен (2008); «ҚР ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» белгісімен (2007);  Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен (2001) марапатталған. «Ажар» Қазақстан әйелдерінің жетістіктерін қоғамдық мойындаудың ұлттық премиясының «Ғылым және білім» номинациясы бойынша лауреаты (2003).

7 монографияның, 10 оқу құралының, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы. ШҚО Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы (2015).

 

42 жыл бұрын (1976) Қызылорда облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Толыбайұлы МАХАНОВ дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «Журналистика», Мәскеу экономика, статистика және ақпарат университетін «Қаржы және несие» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы «Бағым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшысы ретінде бастаған.

1997-2007 жылдары «Хабар» акционерлік қоғамы мен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында жауапты қызметтер атқарған. 2007-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы, Қазақ агротехникалық университеті баспасөз орталығының директоры, Қызылорда облысы әкімдігінің іс басқармасы директорының орынбасары.

2015-2018 жж. Қызылорда облысы әкімінің көмекшісі лауазымында қызмет атқарды.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың маусым айынан бастап.

40 жыл бұрын (1978) ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты  Жандос БӘДЕЛҰЛЫ дүниеге келді.
Моңғолия Республикасының Баян-Өлгей аймағында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Жас Алаш», «Астана ақшамы» газеттерінде, «Фолиант» баспасында қызмет істеген. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады. Қазіргі уақытта өзінің жеке баспасын құрған. 

31 жыл бұрын (1987) «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқармасының төрағасы Әсет Нұрланұлы ТҰРЫСОВ дүниеге келді.

Мәскеуде туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. 2017 жылы «Халық шаруашылығы» университетін «Экономика баклавры» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2009 жылы «Қазақтелеком» АҚ бастаған. 2011-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, 2014-2018 жылдар аралығында «Қазпошта» АҚ басқарушы директор қызметін атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың қаңтар айынан бастап.


259 жыл бұрын (1759-1805) неміс ақыны, философ, тарихшы және драматург Фридрих ШИЛЛЕР дүниеге келді.

90 жыл бұрын
 (1928) итальян композиторы және дирижер Эннио МОРРИКОНЕ дүниеге келді.