10 қазан. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 10 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Календарь
Фото: Kazinform

Нұрлан БАЙБАЗАРОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі

Нұрлан БАЙБАЗАРОВ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

1975 жылы туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген, экономист.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде жұмыс істеген (1997-2003); «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ жобаларға агенттік қызмет көрсету басқармасының бастығы, инвестициялық жобалар жөніндегі басқарушы директоры, корпоративтік даму департаментінің директоры, корпоративтік хатшысы (2004-2011); Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде экономикалық салаларды дамыту департаментінің директоры (2013-2016); «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы (07.2016-2022); «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы (2022-2023); «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасы (2023-2024); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі (2024); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің инвестициялық және сауда бөлімінің меңгерушісі (10.2025-2026).

Қазіргі қызметін 2026 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

Ерлан АНДАБАЕВ, Қостанай облысы прокурорының орынбасары

Ерлан АНДАБАЕВ
Фото: kostanaytany.kz

1976 жылы Жетісу облысында туған. Ол Қазақ мемлекеттік заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген (1998).

Еңбек жолы: Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокурорының көмекшісінің тағылымдамадан өтушісі (1998); Жамбыл ауданы прокурорының орынбасары, Алакөл және Сарқанда аудандарының, сондай-ақ Алматы облысы Қонаев қаласының прокуроры; және Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары (2022-2026).

Қазіргі қызметін 2026 жылдың ақпан айынан бері атқарып келеді.

Ғалымжан ЕЛЕУОВ, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары

Ғалымжан ЕЛЕУОВ
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

1978 жылы Ақтөбе қаласында туған. 2001 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын «Хирургия» мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта аспирантурада оқыды. 2008 жылы Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2010 жылы диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 2011 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебін МБА іскерлік әкімшілендіру саласындағы Дьюк Университетінің Фукуа бизнес-мектебінің бағдарламасы бойынша аяқтады.

Еңбек жолы: 2002 жылы Ақтөбе қаласындағы «№ 2 қалалық емхана» МКК дәрігер-хирург болды. 2004-2010 жылдары Ақтөбе қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасында дәрігер-хирург болып жұмыс істеді. 2010-2012 жылдары Ақтөбе қаласындағы «№ 2 қалалық емхана» МКК бас дәрігердің орынбасары міндетін атқарды. 2010-2021 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Дару клиникасы» оңалту медициналық орталығының директоры, 2016-2021 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы «DARU» ұлттық оңалту медициналық орталығының директоры, 2018-2021 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Көз Жарығы» клиникасы офтальмологиялық орталығының директоры болып жұмыс істеді. 2020-2021 жылдары Ақтөбе қаласындағы «DARU NEFROS» медицина орталығының директоры, 2021-2023 жылдары VII шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қыркүйегінен атқарып келеді.

«Қазақстан Конституциясына 25 жыл» (2020), «Ерен еңбегі үшін» (2020), ҚР ДСМ «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2020) медальдарымен, «Жомарт жан» (2019) төс белгісімен марапатталған.

Мәлік ОЛЖАБЕКОВ, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі

Мәлік ОЛЖАБЕКОВ
Фото: Жасанды интеллекет және цифрлық даму министрлігі

1986 жылы Алматы облысында туған. КИМЭП Университетін бизнес әкімшілігі және бухгалтерлік есеп бакалавры дәрежесімен (2009); және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заң магистрі дәрежесімен бітірген (2014).

Еңбек жолы: «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ бөлім менеджері (2010-2012); «РҒБО» АҚ қоғаммен байланыс және халықаралық ынтымақтастық секторының меңгерушісі (2012); «РҒБО» АҚ корпоративтік даму департаментінің сату және маркетинг бөлімінің меңгерушісі (2012-2014); «РҒБО» АҚ коммерциялық директорының міндетін атқарушы (2014-2017); Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары (2017-2019); Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары (2019-2021).

Қазіргі қызметін 2021 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.