10 күннен кейін жүрегі тоқтады: Әділет Зейнел Ұлдананың қалай қайтыс болғанын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта оның күйеуі Әділет Зейнелден жауап алу жалғасып жатыр. Ол жұбайы ауруханаға жеткізілгеннен кейін отаға қалай қатысқанын айтып берді.
Бүгінгі сот отырысында прокурор сұрақтарына берген жауабында ол әйелін сағат 11:00 шамасында көргенін айтты.
— Ол ес-түссіз жатты, бүкіл денесі қан болды. Басының айналасында көптеген зат жатты. Дәрігерлер киімін шешіп, қайшымен кескен. Басының жанында кірпіш сынықтары, кондиционерге ұқсайтын темір және басқа да ұсақ заттар болды. Ота жасалғаннан кейін оқиға орнына бардық. Сол кезде кондиционердің қалдықтарын көрмедік, тек кірпіштер жатты, — деді марқұмның күйеуі.
Әділет Зейнелдің айтуынша, ол отаға тікелей қатыспаған және хирургиялық араласу жүргізбеген. Ота кезінде операциялық блокта ассистент ретінде болып, қажетті медициналық құралдарды әкеліп отырған.
— Отаға қатысқан жоқпын, бірақ ассистент ретінде болдым. Бізде түрлі ассистенттер болады. Бірі дәрігер-нейрохирургпен бірге ота жасайды, енді бірі құралдарды беріп тұрады. Мен қажетті құралдарды ғана жеткізіп отырдым, — деді жәбірленуші.
Ол сондай-ақ отаның жоспарлы операциялық блокта жасалғанын, ал бұл блок сенбі күндері әдеттегі режимде жұмыс істемейтінін атап өтті.
Әділет Зейнелдің айтуынша, Ұлдана он күн бойы, 8-18 қараша аралығында ауруханада жатқан. Бұл аралықта фельдшер есін жиған жоқ. Тек саусағын қимылдатты, бірақ сөйлеспеді және көзін ашпады.
— Біз 10 күн бойы Ұлдананың анаммен және әпке-сіңлілерімен бірге ауруханадан шықпадық. Менің туыстарым және Ұлдананың туыстары сол жерде болды. Дәл 18 қарашада мен несие төлеуге кеттім. Қайтып келе жатқанымда жансақтау бөлімінен хабарласып, оның барлық ағзалары жұмысын тоқтатып жатқанын айтты. Бізді бұл ақпаратқа дайындады. 18 қараша күні шамамен сағат 10 жарымда жүрегінің тоқтағанын хабарлады, — деді Әділет Зейнел.
Жәбірленуші Әділет Зейнелден жауап алу жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 тамызда басталған еді.
Бұған дейін Әділет Зейнел әйелімен өткен соңғы сағаттар туралы айтып берді.