10 маусым. Тұлғалар туған күн

календарь
Фото: Kazinform

Бүгін, 10 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Павлодар облысынан сайланған депутаты Алтынбек НУХҰЛЫ дүниеге келді.

НУХУЛЫ Алтынбек
Фото: senate.parlam.kz

Павлодар облысында туған. 1984 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) химия факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1984-1999 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физикалық химия және электрохимия кафедрасында зертханашы, зерттеуші-тағылымдамашы (Иваново қаласы, Ресей), аспирант, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, ҚР Экономика министрлігі микроэкономика саясаты бас басқармасы мұнайхимия бөлімінің бас маманы, 1999-2001 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім және ғылым департаменті мемлекеттік стандарттар және нормативтік база бөлімінің бас маманы, ЖОО аттестаттау бөлімінің бастығы, 2001-2003 жылдары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 2003-2004 жылдары Қарағанды қаласындағы Көпбағдарлы гуманитарлық-техникалық университеттің ректоры, 2004-2007 жылдары Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің ректоры қызметін атқарған. 2007-2008 жылдары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, 2009-2010 жылдары ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, 2010-2012 жылдары ҚР Премьер-Министр кеңсесінің индустриалды-инновациялық даму бөлімі секторының меңгерушісі, 2014-2016 жылдары «Астана» университеті ректорының кеңесшісі, 2016 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры міндетін атқарушы, 2016-2020 жылдары Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың тамыз айынан бастап атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен (2018); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011); «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» (2020) медальдарымен, А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен (2017); «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2001); «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» (2004); «Ы. Алтынсарин» (2017) төсбелгілерімен және т.б марапаттармен марапатталған.

49 жыл бұрын (1975) «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Бақытбекұлы ЕСЕКЕЕВ дүниеге келді.

 ЕСЕКЕЕВ Куанышбек Бахытбекович
Фото: wikipedia.org

Алматы қаласында туған. 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы болып бастаған. «Қазақойл» ЖАҚ-ның, «Қазақстан темір жолы» РМК-ның ақпараттық технологиялар департаменті жетекшісі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметінде - 2010 жылдың наурыз айынан (2022 жылдың наурызында қайта сайланды).

2011 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтайыр Амангелдіұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

 АХМЕТОВ Альтаир Амангельдиевич
Фото: apa.kz

Маңғыстау облысы Ақтау қаласында туған. Мемлекеттік басқару магистрі, Ұлыбритания, University of Birmingham (2014). Заң ғылымдарының кандидаты. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, құқықтанушы.

Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің заң бөлімінің референті, атташе ретінде бастаған. 2003-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің әртүрлі бөлімдерінде референт, бас сарапшы, бас консультант, сектор меңгерушісі лауазымдарында істеді. 2011-2015 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарды. 2015-2016 ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, 2016-2019 ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры, 2018 жылы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры, кейіннен ректоры болып қызмет етті. 2019-2023 жылдары ҚР Жоғары сот кеңесі жанындағы сарапшылық-кеңес комиссиясының мүшесі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі болды.

Қазіргі қызметіне 2023 жылдың қыркүйегінде кірісті.

74 жыл бұрын (1950-2015) жазушы, аудармашы, журналист Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ дүниеге келді.

АШИМХАНОВ Дидахмет Ашимханұлы
Фото: anatili.kazgazeta.kz

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. 1972-1978 жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде оқи жүріп, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде бастаған.

1978 жылы «Лениншіл жас» газеттерінде тілші, 1978-1980 жылдары республикалық «Қазақстан пионері», 1980-1992 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1992-1993 жылдары «Заман - Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Бірқатар жылдар бойы халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болды. Сондай - ақ, «Ел - шежіре» қоғамдық қорының президенті, «Алаш» баспасының директоры қызметін атқарды.

Проза жанрында тұңғыш әңгімесі «Аққабаның толқыны» деген атпен 1975 жылы «Коммунизм туы» газетінде , «Арман қанатында» атты коллективтік жинақта (1978) жарық көрген. 1981 жылы «Аққабаның толқыны», 1987 жылы «Он бірінші күз», 1990 жылы «Каменная падь», 1997 жылы «Жер аңсаған Сарыатан», 2000 жылы «Самырсын сазы», 2004 жылы «Әңгіме емес әңгімелер» атты прозалық кітаптары «Жалын», «Жазушы», «Елорда» баспаларынан жолдама алған. Оның жекелеген бірнеше шығармасы неміс, қытай, моңғол, украин мари, татар, қырғыз тілдеріне аударылған. 2005 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығына ие болды. Сонымен қатар жазушының өзі А.Курчаткин, А.Аширов, Х.Абдуллин, Т.Минуллин, А.Лупан, Т.Пулатов, П.Пурэвсурен, Кришннабам Малл, т.б. көптеген шетел және туысқан халықтар жазушыларының жеке повестері мен әңгімелерін, Е.Шварцтың «Аждаха» пьесасын, ал соңғы жылдары ағылшын жазушысы Дж. Голсуорсидің новеллалар жинағын, Дж. Лонданның роман повестерін қазақ тілінде сөйлетті. Дидахмет Әшімханұлы - қалың оқырман мен әдеби ортада әңгіме жанрының шебері, стилист, талантты журналист ретінде танылған қаламгер.

2015 жылдың 23 мамырында дүниеден озды.

Соңғы жаңалықтар