10 млн сапар: Tarlan Astana-ның ең көп сұранысқа ие үш стансасы аталды
АСТАНА. KAZINFORM — Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінің қызметін пайдаланғандар саны 10 миллионнан асты, деп хабарлайды City Transportation Systems баспасөз қызметі.
— Іске қосылған сәттен бастап елорда тұрғындары мен қонақтары 10 миллионнан астам сапар жасады. Қыркүйек айындағы орташа тәуліктік жолаушылар легі шамамен 80 мың жолаушыны құрады, — делінген хабарламада.
Жолаушылар арасында ең көп сұранысқа ие стансалар:
* «Университет» — 1 463 953 жолаушы;
* «Бәйтерек» — 1 208 610 жолаушы;
* «Нұрлы жол» — 1 060 068 жолаушы.
Айта кетейік, жол ақысын бірнеше тәсілмен, оның ішінде көлік картасы, банк карталары және байланыссыз төлем әдістері арқылы төлеуге болады.
Осыған дейін CTS ЖШС басқарма төрағасы аппаратының жетекшісі Манарбек Құлмұқан LRT жүйесіне «Tarlan Astana» атауының берілу себебін түсіндірді.