10 мың халқы бар елді мекендерде қоқыс полигондары салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халық саны 10 мыңға дейінгі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары салынады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 мың халқы бар елді мекендерде қоқыс полигондары салынады

Үкімет басшысы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізгі мақсаты – атмосфералық ауаның ластануын азайту, қалдықтарды, су ресурстары мен орман шаруашылығын басқару жүйесін жетілдіру екенін еске салды.

«Қоршаған ортаны жақсарту үшін келесі жылы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматты жүйесін енгізу қажеттігі туралы норма күшіне енеді. Аталған шара әрбір кәсіпорынның зиянды қалдықтары туралы жедел әрі шынайы ақпарат алуға бағытталған. Сондай-ақ, бұл норма кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтар деңгейі асып кеткен жағдайда жедел шаралар қолдануға мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында.

Сонымен бірге Президент тапсырмасымен 5 жылда 2 млрд түп ағаш отырғызу жобасы іске асырылып жатыр. 2021 жылы 66 мың гектар алаңға 138 млн ағаш отырғызылды.

Алайда, биыл кейбір өңірлерде жергілікті деңгейде қаржыландыру аз болғандықтан, жоспарлы көрсеткіш орындалмай қалуы мүмкін.

«Өткен жылдан бері экологиялық төлемдер экологиялық ахуалды жақсарту шараларына бағытталуы тиіс деген норма қолданылып келеді. Ол үшін Экология министрлігі әкімдіктермен бірге әрбір өңір бойынша экологиялық жағдайды жақсарту үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек. Бұған қоса, осы жылы Индустрия министрлігі тұрғындарының саны 10 мыңға дейінгі елдімекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуді бастады», - деді Ә. Смайылов.

Сонымен бірге Премьер-Министр Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері Қаржы министрлігімен бірлесіп, биылғы жылы ағаш егудің жоспарланған көлемін қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Индустрия, Қаржы және Экология министрліктері ірі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлуді қарастыруы қажет.