10 мың метр биіктікте намаз уақыты мен құбыланы анықтап беретін iPhone қосымшасы пайда болды

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Сингапурлік компания 10000 метр биіктікте намаз уақыты мен құбыланы анықтап беретін iPhone қосымшасын ойлап тапты. Ол үшін жолаушы тек ұшқаны жайлы ақпарат енгізуі керек. Бұл жайында «Ислам бәрі үшін» ақпарат көзі хабар таратты.

10 мың метр биіктікте намаз уақыты мен құбыланы анықтап беретін iPhone қосымшасы пайда болды

Туризм және мейманхана рейтингісін жасайтын Crescentrating фирмасы халал ұғымына орайластырып, смартфонның Crescent Trips деп аталатын қосымшасын Android негізінде тегін ашқанын айта кету керек. Бұл жөнінде аталмыш компанияның атқарушы директоры Фазал Бахардин хабарлады. Бұл қосымшада жолға шыққан мұсылманға арналған дұға да бар.

«Мұсылмандардың туристік саласы бүгінгі таңда туризм индустриясына қан жүгірткен ең табысты нарыққа айналып отыр», - деді Crescentrating меңгерушісі Дэни Болдук.

Muslim.kz сайтының жазуынша, Crescentrating-тің және америкалық DinarStandard рейтинг фирмасының өткен жылғы зерттеуіне қарағанда, мұсылман туристердің шығысы әлемдік орташа есеп көрсеткішінен асып кеткен. Болжам бойынша бұл көрсеткіш 2020 жылға қарай 192 млрд долларға жетуі мүмкін. 2011 жылы бұл көрсеткіш 126 млрд долларды құраған болатын.