10 мың оқушы «Астана Опера» театрының әсемдігін тамашалауға мүмкіндік алды

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының үш айда атқарған жұмысы өз нәтижесін берді. Бүгінде жаңа өнер шаңырағында 10 мың астаналық оқушы болып қайтты, деп хабарлады өнер ордасының баспасөз қызметінен.

10 мың оқушы «Астана Опера» театрының әсемдігін тамашалауға мүмкіндік алды

«Оқушыларды өнер ордасына экскурсияға алып келу мәселесі Астана қаласының білім басқармасымен бірігіп шешілген болатын. Мектептен келетіндердің кестесі құрылып, соған сәйкес күніне театрға 3-4 оқушылар тобы келіп қайтты. Бүгінде «Астана Операда» елорда оқушыларының 60 пайызы болды, олардың ішінде № 2, 4, 5, 14, 19, 16, 20, 23, 59, 66, 70, 71 сынды мектептер мен № 1 лицей бар», - делінген хабарламада.

«Театр Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен тек әдемі қойылымдар жүргізу үшін ғана емес, сонымен қатар әрбір адам осы тамаша ғимаратқа келіп, сәулет өнерінің керемет қолтаңбасына сүйсініп, сахна сыртына үңіліп, инженерлер ебін білетін таң қалдырарлық сахнаның күрделі құрылымы мен техниканың заманауи шешімдерін көруге салынған. Әсем театрға келген балалардың талғамы да жақсы болып қалыптасады», - деді «Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов.

«Астана Опера» театры мұражайының меңгерушісі Құсайынова Априза балалар мен олардың ата-аналары, ұстаздар театрдың әсемдігін тамашалауға қуана келгендерін айтады. «Бізге тек астаналық оқушылар ғана емес, Шымкент қаласының және Қосшы ауылының да балалары келді. Әсерлерімен бөліскендер бұл жерде бірінші кезекте адам жаны демалатынын айтады. Театрға деген қызығушылық күн санап артып келеді», - дейді ол.

Енді театр Қазақстан Республикасының барлық облыс орталығындағы балаларға өз есігін ашуға дайын.

Театр мұражайы қазақстандықтарды мамыр айында таң қалдыратын жаңа көрме дайындап жатқанын айта кеткен жөн. Экспозицияда бүкіл ғұмырын Қазақстан өнерінің төріне арнаған атақты опера және балет әртістері, композиторлар мен суретшілердің костюмдері қойылады.

Экскурсия күніне екі рет 11:00 және 15:00-де қазақша, орысша және ағылшынша жүреді.