10 мыңға жуық ауыл тұрғыны «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ДСӘДМ жұмылдыру топтарының «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы жөнінде ағымдағы жылғы 16 наурыз және 6 сәуір аралығында жүргізген түсіндіру жұмысының нәтижесінде, жұмыссыздар, өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған, ауылдық жерлерде тұратын әлеуметтік аз қамтылған тұлғалардың қатарынан 9 мың 957 қазақстандық азамат осы бағдарламаға қатысуға ниет білдірді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Жұмылдыру топтарының көмегімен тағы 1560 азамат «ЖҚЖК-2020» бағдарламасы шеңберінде бос жұмыс орындарына орналасты.
«ЖҚЖК-2020» бағдарламасына қатысуға ниет білдіргендерің басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысынан - 6 мың 409 адам, Алматы облысынан - 1 мыңға жуық адам және Астана қаласынан - 377 азамат.
Бүгінгі күні жұмылдыру топтарымен республиканың 124 ауданының 252 ауылдық округі, жоспарланған санның 60%-дан астамы қамтылды.
Бұрын хабарланғандай, жалпы Қазақстан бойынша құрамында 441 қызметкері бар 178 жұмылдыру тобы құрылған. Жұмыссыздық деңгейі жоғары, өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған, әлеуметтік аз қамтылған тұлғалары көптен саналатын, сондай-ақ халықтың «ЖҚЖК-2020» бағдарламасына қатысу деңгейі төмен 181 ауданның 404 ауылының тұрғындарын қамту жоспарлануда. Жұмылдыру топтарының жұмысы ағымдағы жылғы 15 сәуірге дейін жалғасады.