10 сотық жер үшін миллион қазақ кезекте тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 миллион 300 мың адам 10 сотық жер телімін алу үшін кезекте тұр. Бұл туралы бүгін ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

10 сотық жер үшін миллион қазақ кезекте тұр

«Әкімдіктерде баспана кезегінде 450 мың адам, 10 сотық жер телімін алуға 1 миллон 300 мың адам тұр. Айта кетерлігі, мемлекет құрылыс жұмыстарын жаппай қолға алғаннан кейін барлық жерде де кезек саны арта түсті. Кезекте тұрған 450 мың адамның 25-30 пайызы бюджет, мемлекеттік қызметкерлері дәрігерлер мен мұғалімдер, шамамен 25-30 пайызы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және ол 11 санатқа бөлінеді», - деді Жайымбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларының саны миллион адамға жуықтаған.

«Шын мәнінде бағдарлама жұмыс істеп тұр. Халық та қызығушылық танытуда. Әрине, бұл бағытта мемлекеттің де көмегі бар», - деді комитет басшысы.

Жайымбетовтың сөзіне қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасының бір бағыты жеке тұрғын үй салушыларды қолдау шараларын көздейді.

«Бұл бағдарлама кешенді, ұзақ мерзімге арналған. 15 жылдың ішінде 1 трлн 800 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 трлн 200 млрд теңге жаппай жеке тұрғын үйлер салынатын аудандарға инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Жалпы, Тәуелсіздік алған 1991 жылдан  бастап 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін елімізде 1 млн пәтер салынды. Демек жылына орташа есеппен 40 мың пәтер деген сөз. Ал біз 15 жылдың ішінде 1,5 млн баспана салмақпыз», - деді ол.