10 тамыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 10 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.
10 тамыз, ЖЕК СЕНБІ
Абай поэзиясының күні. Эквадор Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1809). Эквадор - Оңтүстік Американың солтүстік батысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Кито қаласы. Әкімшілік аумағы 21 провинцияға бөлінеді және оған провинция мәртебесі бар Галапагос аралы да кіреді. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі жоқ, дегенмен 2000 жылдан бастап АҚШ доллары есептесу қаражаты ретінде қолданылады. Мемлекеттік құрылысы - Республика. Мемлекет басшысы - президент (президент - үкімет басшысы және қарулы күштердің бас қолбасшысы).
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
5 5 жыл бұрын (1959) Павлодар облыстық атқару комитетінің шешімімен облыстық балалар кітапханасына ақын, ағартушы-демократ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілді.
1 9 жыл бұрын (1995) Семей қаласында Абайдың жаңа мәдени-тарихи және аумақтық-мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешенге жаңа мұражай мен қайта өңдеу өткізілген Абайдың өзі тәлім алған медресе мен мешіт кіреді.
1 5 жыл бұрын (1999) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы ауылдық тұтыну кооперациясы туралы» заңы жарияланды.
10 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми орталығының Геофизикалық зерттеулер институтының филиалында ядролық жарылыстарды бақылау бойынша жаңа сейсмикалық стансының ресми ашылуы өтті. Стансы Қазақстан Республикасы ҰҒО Геофизикалық зерттеулер институты мен АҚШ Әуе күштерінің қолданбалы технологиялары агенттігі арасындағы ынтымақтастық негізінде құрылды. Ғылыми мекеме кез-келген елде жасырын өткізілген ядролық жарысты анықтаумен айналысады. Қазақстан Республикасы ҰҒО Геофизикалық зерттеулер институты сейсмикалық стансыларының аспаптары Қазақстанның барлық аумағында бірдей орнатылған. Жаңа сейсмикалық стансының Қазақстан үшін маңызы зор. Біріншіден, Қазақстан ядролық қарусыз ел, сондықтан қауіпсіздігінің кепілі болуы маңызды. Екіншіден, бұл жаңа жұмыс орындары, үшіншіден, бұл жиналған ғылыми тәжірибені сақтауға және пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл стансының болуы Қазақстан үшін мәртебе болып саналады.
9 жыл бұрын (2005) қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 160 жылдық мерейтойын зиялы қауым өкілдері мен Алматы жұртшылығы атап өтті. Жиналған қауым Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Абай оқулары мен концерттік бағдарламаны тамашалады. Абай Құнанбайұлы - қазақ ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалыптастырған ұлы ақын, ағартушы әрі ойшыл. Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің 60 тіліне аударылған. Қазіргі таңда Алматыда ақынның атымен жоғары оқу орны, опера және балет театры, үлкен даңғыл аталса, көркем әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалған. Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданға, Қарағанды облысындағы бір қалаға аты берілген. Сондай-ақ Іле Алатауының теңіз деңгейінен 4010 метр биіктіктегі шыңы да ақын есімімен аталады.
9 жыл бұрын (2005) ХІХ ғасырда Абай Құнанбаевтың аталары жерленген Шығыс Қазақстан облысы Ақшоқы ауылының аумағында ұлы ақын, философ, ағартушының 160-жылдық мерейтойына арналған қара мәрмәрдан жасалған ескерткіш тасы орнатылды.
Ұйымдастырушысы - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкілдері. Шараның мақсаты - ескерткіштер мен қасиетті жерлер аумағын және Қазақстан халқына рухани мағынасы бар орындарды қалпына келтіру.
7 жыл бұрын (2007) Өскеменде А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада қала күніне орайластырылған «Туған күніңмен, сүйікті қалам!» атты кітап көрмесі өтті.
Қаланың үш жүз жылдық тарихы келушілерге кітап түрінде, жергілікті ақындардың өлеңдер жинағы және пайдалы қызықты мәліметтер ретінде ұсынылған. Көрме Өскеменнің тарихымен қазiргi заманғы зерттеулерін еске түсiруге мүмкiндiк береді.
5 жыл бұрын (2009) Ақмола облысының Щучинск қаласында жаңа мешіт ашылды.
Ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты.
Мешітте ортақ бөлмеден басқа үш намазхана, және қосалқы бөлмелер бар.
475 жыл бұрын (1539) Франция королі I Франциск елдің мемлекеттік тілі - француз тілі деп жариялады. Бұнан былай ресми құжаттардың бәрі де латын тілінде емес, французша толтырылатын болды.
125 жыл бұрын (1889) британдық Дэн Райлэндс бұрандалы тығынмен жабылатын бөтелкеге патент алды.
65 жыл бұрын (1949) АҚШ Қорғаныс министрлігі құрылды.
ЕСІМДЕР
16 9 жыл бұрын (1845-1904) ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор ҚҰНАНБАЕВ Абай дүниеге келді.
Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Ол ауылдағы Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресіне оқуға барған. Мұнда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, т.б. шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, 3 ай оқиды.
Сол кезден бастап А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармаларын оқып, Гете, Дж. Байрон мұраларына ден қояды. 13 жасында әке ықпалымен оқудан қол үзіп, әкімшілік билікке араласады. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданған.
Оның көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Ол терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақын. Ол дәстүрлі қазақ поэзиясына құрылымдық, стильдік және көркемдік тұрғыдан сонылық алып келді. Әсіресе, оның ғақлиялары - «Қара сөздеріндегі» көркемдік шеберлік пен ғылыми пайымдарды астастырған философиялық ой-толғамдары жалпы адамзаттық гуманистік-әлеуметтік мұраттарға ұласып жатады. Абай - қазақтың музыкалық өнеріне де мол мұра қалдырған тұлға. «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», т.б. әндері арқылы ұлттық әуен-сазға жаңа түр, тың ырғақ, өзгеше өлшем қосты.
Абайдың мазмұны терең, көркемдігі жоғары өлеңдері мен поэмалары («Масғұт», «Ескендір», «Әзім»), қара сөздері мен аудармалары сан рет жарық көріп, қазақ еліне тарады, көптеген шетел тілдеріне аударылды.
Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлар бар. Астанада, Алматыда және тағы басқа да қалаларда театрларға, көшелерге ақын аты беріліп, ескерткіштер орнатылған. Абай атындағы шың, асу бар. Сонымен қатар Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтың бас кітабы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Бұл эпопея дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.
1 40 жыл бұрын (1874-1933) алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ақын, қоғам қайраткері БҰЙРИН Елеусіз дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектебінде оқыған. Қазан қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Астрахан қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Осында жүріп түрлі қоғамдық-саяси өмірдің қыр-сырына бойлайды, алғашқы қаламгерлік қабілетін сынап байқайды. Елді мәдениетке, өркениетке жеткізуге шақыратын көшбасшы құрал - баспасөз екеніндігін аңғарып, жаңа сипаттағы газет шығаруға бел байлайды. Бұл мақсатын іске асыру үшін қазақ зиялылары - Ш.Бөкеев, Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, М.Шомбалов, С.Меңдешовтермен бірігіп, 1911 жылы Ордада «Қазақстан» деген газет шығарады. 1911-1913 жылдары осы газеттің редакторы болды. Е.Бұйрин 1920-1930 жылдары туған жерінде әр түрлі қызметтер атқарған. 1930-1932 жылдары Алматы қаласындағы Орталық мұражайда ғылыми қызметкер болды. 1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталып, қазақ зиялылары ұстала бастаған соң, ол Тәжік АКСР-іне, Душанбе қаласына қоныс аударып, Тәжік АКСР-нің Орталық мұрағат басқармасында инспектор болып қызмет атқарды. Алайда Е.Бұйрин НКВД-нің құрығынан құтыла алмады. 1933 қызметінен қуылып, көп ұзамай аштықтан қайтыс болды.
Е.Бұйриннің артында қалған әдеби мұрасы - өзі шығарып тұрған «Қазақстан» газетіндегі мақалалары мен көсемсөздері және «Ызың» атты өлеңдер жинағы. Ақын жинаққа «Әу, қазақ!», «Азаматқа» деген екі өлеңі мен аудармасына қоса «Қазақстан» газетінде жарияланған М.Жұмабаев, А.Мәметов, Ғ.Малдыбаев, И.Исин, тағы басқа ақындардың өлеңдерін топтастырып берген. 1998 жылы Орал қаласындағы бұрынғы баспа үйінде Бұйринге арнап ескерткіш-тақта қойылды.
7 9 жыл бұрын (1935-1993) ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор ДАНИЯРОВ Асылхан Нұрмұхаметұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Нұра ауданында туған. Қарағанды политехникалық институтын, Мәскеу кен институтының аспирантурасын бітірген.
1958-1961 жылдары - «Қарағандыкөмір» комбинатының «Октябрькөмір» тресі шахтасында кен мастері, механик. 1964-1968 жылдары Қарағанды политехникалық институтында ассистент, аға оқытушы, доцент, зертхана меңгерушісі, кешкі және сырттай оқу жөніндегі проректоры болған. 1968 жылдан өмірінің соңына дейін осы институттың өнеркәсіп көлігі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.
Оның жетекшілігімен 22 адам кандидаттық дисертация қорғаған. 200-ге жуық ғылыми жұмысы жарияланып, өнертапқыштығы үшін 37 авторлық куәлік алған. Сонымен қатар 1 монографиясы, 14 оқу құралы және 18 ғылыми-методикалық еңбегі жарық көрген. Негізгі ғылыми еңбектері мен өнертабыстары механикаландыру құралдарын және оларды пайдаланудың өзіне тән шарттарын ескере отырып бағалау тәсілдерін жасауға және жетілдіруге арналған.
1994 жылдың сәуір айында қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Өнеркәсіп көлігі кафедрасына профессор Асылхан Нұрмұхамбетұлы Данияров есімі беріліп, бейнетақта орнатылды. Сонымен қатар жыл сайын профессор А.Н.Данияров атындағы стипендия тағайындалады. Ол бір студент пен бір аспирантқа беріледі.
7 9 жыл бұрын (1935) «Құс жолы» қайырымдылық қорының президенті СЕМБАЕВ Дәулет Хамитұлы дүниеге келді.
1958 жылы Қазак политехникалық институтын бітірген, инженер-металлург. Институтты тамамдағаннан кейін 1958-1966 жылдары С. Киров атындағы зауыт технологы, шебері болып жүмыс істейді. 1966-1972 жылдары Қазак КСР Мемлекеттік Жоспар бөлімінің бас маманы, бөлімше бастығы, бөлім бастығының орынбасары болып істейді. 1972 жылдан 1975 жылға дейін Қазак КСР Министрлер Кеңесінің кеңесшісі болады. 1975 жылдан 1979 жылға дейін Қазак КСР Министрлер Кеңесі төрағасының хатшылығын басқарады. 1979-1983 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі істері басқармасының орынбасары. 1983-1987 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің бөлім бастығы. 1987 жылдан 1990 жылға дейін Қазақ КСР Мемлекеттік Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары. 1990 жылдың мамырынан карашасына дейін Казак КСР Президенттік кеңесінің мүшесі. 1990 жылдың карашасынан 1991 жылдың казан айына дейін Қазақ КСР Жоғары экономикалык кеңесі төрағасының орынбасары. 1991-1992 жылдары Қазакстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. 1992 жылдың акпанынан 1993 жылдың желтоксанына дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары. 1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы. 1997 жылдың сәуірінен бастап Қазакстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Экономика, каржы жэне бюджет жөніндегі Комитетінің төрағасы. 1997 жылдың мамырынан 1998 жылдың кыркүйегіне дейін «АБС-Балқаш» Тау-кен компаниясы» АООТ директорлар кеңесі төрағасының орынбасары кызметін атқарады. 1998 жылдың тамызынан бастап «Hong Kong- Shanghai Bank Corporation Kazakhstan» акционерлік коғамы директорлар кеңесінің мүшесі, 1999 жылдың сәуірінен бастап «Казкоммерцбанк» ААҚ-ының директорлар кеңесі төрағасы, 2002 жылдың кыркүйегінен бастап төрағасының орынбасары болып істеді.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының президенті (1999-2005). Қазақстан Президентінің алғашқы экономикалық бағдарламасының қос авторларының бірі. Қазақстандағы ұлттық валютаны енгізуге қатысқан. Елдегі қазіргі банк жүйесін қалыптастырудың басында болды. «Құрмет белгісі» (1976), Еңбек Қызыл Ту (1981), «Парасат» (1996) ордендерімен марапатталған.
70 жыл бұрын (1944) сәулет докторы, профессор, Шығыс елдері сәулетшілерінің халықаралық академиясының академигі, Қазақстан Республикасының білім беру үздігі, Қазақстанның құрметті сәулетшісі ҚҰСПАНҒАЛИЕВ Болат дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Ташкент политехникалық институтын бітірген. Алматы қаласы бас сәулетшісінің аппаратында сәулетші, бөлім меңгерушісі болған. 1977-1981 жылдары - Қазақ политехникалық институтының ассистенті, доценті, профессоры. 1981-2003 жылдары - Алматы құрылыс-сәулет институтының проректоры, бірінші проректоры. 2003 жылдан бастап Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті Ғылым және халықаралық байланыстар департаментінің директоры болып істейді.
Ғалымның 50-ден астам ғылыми және жобалық жұмысы, сонымен қатар «Қазақстанның тұрғын-үй құрылысы» атты кітабы бар. Б.Құспанғалиев 2007 жылы «Жыл таңдауы» ұлттық фестиваль-конкурсының «Қазақстанның жоғары мектебінің және сәулетінің дамуына қосқан үлес үшін» аталымы бойынша жеңіске жетіп, «Алтын адам» мүсіншесін иеленді.
Медальмен марапатталған.
6 6 жыл бұрын (1948) композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық өнер академиясының корреспондент мүшесі, бірнеше дүркін Бүкілодақтық және Дүниежүзілік фестивальдар мен байқаулардың лауреаты ҚҰСАЙЫНОВ Мұрат дүниеге келді.
Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. «Досмұқасан» ансамблінің мүшесі. Ол халық әндері мен белгілі композиторлар туындыларын эстрадаға лайықтап өңдеумен қатар, өзі де музыка жазумен айналысады. Оның Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы бойынша жазылған симфониясы, спектакльдер мен фильмдерге жазған музыкасы, скрипка, жеке домбыраға, дуэт, трио, квартетке арналған күрделі шығармалары бар. Композитордың «Жігіттер жыры», «Бойжеткен», «Ғашықтар әні», «Жар жүрегі», «Сұлулық», «Наурыз», «Құрбым-ай», «Ғашық жүрек», «Болашақ» әндері халыққа кеңінен танымал. 1993 жылы «Әуен» дыбыс жазу студиясын ашқан.
Медальдармен марапатталған.
6 5 жыл бұрын (1949) ақын, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі ШІЛДЕБАЙҰЛЫ Зернебек дүниеге келді.
Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын ауылда радио жөндеуші, Алматыда баспахана мен зауытта жұмысшы болып бастаған. Ұзақ жылдар мектепте мұғалім, «Білім» қоғамында жауапты хатшы, аудандық газетте аудармашы, «Мектеп» баспасында корректор, редактор, аға редактор, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші, «Қазақстан мектебі» журналында редактор, бөлім редакторы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында жауапты хатшы, бас редактор қызметтерін атқарған.
Көптеген әдеби-публицистикалық, ғылыми-педагогикалық және әдістемелік мақалалары, өлеңдері мен жыр-толғаулары аудандық, облыстық және мерзімді басылым беттерінде жарияланған. «Кеудемдегі кептерім» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.
5 7 жыл бұрын (1957) Халықаралық бизнес академиясының ректоры БАЛЫҚБАЕВ Тахир Оспанұлы дүниеге келді.
Білімді ақпараттандыру академиясының академигі, Украинаның Ұлттық педагогика академиясының шет елдік мүшесі.
Жамбыл облысында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі - әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде) математика мамандығы бойынша бітірді. 1985 жылы Мәскеу мемлекеттік университеті механика-математика факультетінің аспирантурасын бітіріп, осы университетте физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 2003 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Жоғары оқу орындары студенттер құрамын қалыптастырудың ақпараттық үлгісіннің теоретикалық-методолгиялық негіздері» тақырыбында диссертация қорғады.
Т.О.Балықбаев С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент, доцент және деканның орынбасары болып жұмыс істеді, Республикалық тест орталығының директорының орынбасары, Республикалық білімдегі жаңа технологиялар орталығының зертхана меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің сектор меңгерушісі, Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының жобалардың бас менеджері және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.
2003 жылы Балықбаев Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығының директоры, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында қадағалау мен аттестаттау комитетінің төрағасы қызметтеріне тағайындалды. 2008-2011 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті болып істеді. 2011 жылдың ақпан-мамыр айларында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты ректорының міндетін атқарды. 2011 жылдың мамыр айнын - Қазақ технология және бизнес университетініің ректоры. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қаңтардан бері. Профессор Балықбаев 130-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде монографиялар, оқу және әдістемелік құралдардың авторы.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2006 ж.), Қазақстан Республикасының мерейтой медальдарымен, ҚР БҒМ Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Ы.Алтынсарин» ерекше белгілерімен марапатталған, Кәсіптік білімді қолдау қорының (РФ) Небольсин атындағы сыйлығының лауреаты.
5 2 жыл бұрын (1962) «Шәкен жұлдыздары» Алматы халықаралық кинофестивалінің бас директоры - «Шәкен жұлдыздары» продюсерлік орталығы» ЖШС бас директоры НЫҒМАТУЛИНА Венера Әбдірахманқызы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Ташкент мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітірген. 2002 жылдан қазіргі қызметінде.
Ш.Бейсембаевтың «Сотқар балалар», Б.Шмановтың «Ағамның қалыңдығы», Д.Манабаевтың « «Туған жер», В.Пұсырмановтың «,Қош бол, сұлуым», «М.Үбікеевтің «Провинциялық роман» («Қырғызфильм»), Э.Ишмұхамедовтің «Қысқы тұман кезінде» («Тәжікфилом»), С.Нарымбетовтің «Ауылдан келген күйеу» фильмдеріне, «Тоғысқан тағдырлар» телесериалына және басқа да картиналарға түскен. «Программа 24», «Қазақстан кинематографистерінің шығармашылық портреті», «Мен сіздерге жазамын...» телевизиялық бағдарламаларының продюсері, сценарий авторы, жүргізушісі, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» көркем фильмінің («Қазақфильм») продюсері, «Қуанышты сезіну» деректі фильмінің сценарий авторы және режиссері.
«Құрмет» (2008) орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен марапатталған.
1 40 жыл бұрын (1874-1964) АҚШ-тың 31-ші президенті ГУВЕР Герберт Кларк дүниеге келді.
АҚШ-тың Айова штатында туған. Ол Ресейде қазан төңкерісінен кейін мемлекет меншігіне айналған бірқатар акционерлік қоғамның жарнашысы болды. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезінде Гувер үкіметі бар ауыртпалықты еңбекшілерге аударуға тырысты. Германияның әскери өнеркәсіп қуатын қалпына келтіруге жағдай жасап, Қытайдағы жапон басқыншылығын қолдау саясатын жүргізді. 1938 жылы Германияда болып Гитлермен кездесті.
10 5 жыл бұрын (1909-1961) Марокко королі МҰХАММЕД V (Сиди Мұхаммед бен Юсеф) дүниеге келді.
Ол мұсылманша әрі французша білім алған. Әкесі сұлтан Мулай Юсеф қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік жолмен таққа отырған. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Марокконың тәуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы талапты қолдай бастаған. 1953 жылы француздықтар оны Мадагаскарға жер аударған. Екі жылдан кейін елге оралуға рұқсат беріліп, Мұхаммед V 1955 жылы қарашаның 16-ында екінші рет таққа отырған. 1956 жылы Морокко тәуелсіздігін алды.
5 7 жыл бұрын (1957-2006) ресейлік театр және кино актері КРАСКО Андрей Иванович дүниеге келді.