10 жасар мүгедек бала отандастарынан көмек сұрайды

АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Сал ауруы мен эпилепсия ауруына қатар ұшыраған 10 жасар Нұрлан Шоқан отандастарынан шет елде операция жасатуға көмектесуін сұрайды.

10 жасар мүгедек бала отандастарынан көмек сұрайды

Нұрланның анасы Баян Өмірзақованың айтуынша, Нұрлан 3 жасынан бастап мүгедек болып қалған. «Нұрланды 3 жасында туыс ағасы басынан қысып, ұстап көтерген еді. Соның салдарынан балаға нерв жүйесіне травмалық зақыммен қоса жаңа туған кезінде алған травма нәтижесінде мидағы қан айналу жүйесінің бұзылғандығын, соның салдарынан сал ауруымен қатар эпилепсияның туындап отырғанын дәлелдейтін сараптамалық анықтама берілді.Содан бері 7 жыл өтті. Бармаған ауруханамыз жоқ. Өкінішке орай, отандық медицина оны емдеуге дәрменсіз. Балаға қажетті операция жақын шет елден тек Украинада жасалады», дейді Баян Өмірзақова. Ол бұған өз мүмкіндігі жетпей Қазақстан ұлттық телеарнасындағы «Жан жылуы» бағдарламасына хабарласқан. Нұрлан енді бағдарламаның наурыз мерекесі қарсаңындағы хабарының кейіпкері болмақ. Сонымен қатар наурыздың 16-сы күні бағдарламаның ұйымдастыруымен Қазақ жол қатнастары университетінде Нұрланмен қатар бірнеше мүгедек балаға арналып, арнайы акция ұйымдастырылатын болады.

«Осы акция аясында отандастарымыз қажетті операцияға көмек қолын созса. Өйткені баланың өмірлік мүгедек болып қалу қаупі бар. Тағдырында терең қайғысы бар Нұрланға көмек қолын созсаңыздар, қадірлі ағайын», дейді Баян Өмірзақова. Нұрланға көмектесем деген ағайын Қазақстан халық банкі№ 131403 филиалы, 131 403 102 443 39 51 есепшотына Баян Өмірзақоваға қаржы аударуына болады.