10 жылда 11 мыңнан астам тұрғын-үй нысандары жөнделмек
АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Елімізде 10 жылдың ішінде 80 мыңнан астам шақырымды құрайтын жылу, электр және газ желілері, сондай-ақ 11,5 мың көппәтерлі тұрғын-үй нысандарын толығымен жөндеу шығу жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен жиында «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту және жаңартудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның Мониторинг және зерттеу департаментінің директоры Мадина Мурсакина мәлім етті.
Оның хабарлауынша, бүгінде еліміздің коммуналдық инфроқұрылымы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жылу желілерінің тозығы - 63 пайыз, электр энергиясының нысандары - 73 пайыз, ал газ құбыры кешенінде бұл көрсеткіш 54 пайызды құрады. Биыл «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту және жаңартудың қазақстандық орталығы» АҚ жүргізген зерттеу көрсеткендей, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Талдықорған, Тараз, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларындағы жылу құбырлары 42-80 пайызға тозған. «Жалпы, 2011-2020 жылдары аралығында коммуналдық инфроқұрылымды жаңарту жұмысына 636 млрд.-тан астам теңге бөлінеді. Осы уақыттың ішінде 80 мыңнан астам шақырымды құрайтын жылу, электр және газ желілері жөнделетін болады. Ал 2015 жылға дейін бұл жоспардың 24,4 мың шақырымын орындап шығу жоспарланған», - дейді М.Мурсакина.
Осыдан кейін тұрғын-үй саласының техникалық жағдайына тоқталған ол еліміздегі кондоминимум нысандарының 32 пайызы немесе тұрғын-үйдің 50 млн. шаршы метр күрделі жөндеуді қажет ететіндігін жеткізді. Ал осы нысандардың 2 пайызы апаттық жағдайда болғандықтан, оларды тез арада бұзу қажет. «Жалпы, 10 жылдың ішінде 11,5 мың көппәтерлі тұрғын-үй нысандарын толығымен жөндеу көзделіп отыр. Ол үшін бюджеттен 359 млрд. теңге бөлінеді», - дейді М.Мурсакина.