10 жылда Қазақстанда туберкулезбен сырқаттану 2,1 есе, ал одан болатын өлім 3,7 есе төмендеді - ДСМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жылда республикамызда туберкулезбен сырқаттанушылық 2,1 есе, ал одан болатын өлім 3,7 есе төмендеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Баспасөз баянына қарағанда, жалпы туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің жаһандық индексінің өлшемдерінің бірі болып табылады. Соған орай, Қазақстанда мемлекет тарапынан туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралар нәтижесінде елеулі жетістіктерге қол жетті.
«Соңғы 10 жылда республикада туберкулезбен сырқаттанушылық 2,1 есе, ал одан болатын өлім көрсеткіші 3,7 есе төмендеді. 2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалау миссиясы Қазақстанда туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларға жоғары баға берді. Қазақстанда науқастар туберкулезге қарсы 1 және 2 қатардағы препараттармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұл саладағы мақсаттық көрсеткіші 85% құрайды», - делінген баспасөз баянында.