10 жылдан кейін ауылдық жерлерде жоғары білімі бар медициналық қызметкер қалмауы мүмкін - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Егер кадрларды тұрақтандырудың тиімді жүйесін іске асыруда түбегейлі шаралар қабылданбаса, онда 7-10 жылдан кейін ауылдық жерлерде жоғары білімі бар медициналық қызметкер қалмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламентінде «Медициналық және педагогтық кадрларды ауылдық жерлерге бекітудің жағдайы және оған қажетті шаралар туралы» өткен отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Болат Садықов айтты.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде 50 жастан жоғары дәрігерлердің үлесі 14 пайызға, ал 25 жасқа дейінгі дәрігерлер 0,5 пайызға азайып келеді.
2010 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша республикада 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз етілудің орташа көрсеткіші 30,9, орта буын медициналық қызметкерлермен қамту - 74,8 деңгейінде қалыптасып отыр.
Ауылдық жерлерде дәрігерлермен қамтамасыз етілу қалаларға қарағанда 4 есеге, сондай-ақ медбикелермен қаматасыз етілу көрсеткіші 2 есеге төмен.
«Ауылдық елді мекендерде дәрігер кадрлардың жетіспеушілігі 2 мыңды, ал орта буын медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі 307 адамды құрады», - деді Б. Садықов.