10 жылдай тоқтап тұрған Ақсу қант зауытында жөндеу жұмыстары басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының əкімі Амандық Баталов Ақсу ауданына жұмыс сапарымен барып, Ақсу қант зауытын іске қосуға дайындық жұмыстарының барысымен танысып қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нысан алғаш ашылған 1968 жылдан бері кәсіпорынның кәнігі маманына айналған бас инженер Владимир Южковтың айтуынша, тот басып тозған, әрі ескірген жылыту қазандықтарын, құбырлар мен барабанын ауыстыру қажет. Ал қажетке жарайтын құралдар тек жөндеуден өткізіледі. Бұл бағыттағы зерделеу жұмыстарын арнайы мамандар бастап та кеткен.
Жалпы зауытты іске қосудың бірінші кезегіне 8 млрд теңге қажет болса, соның 2,7 млрд теңгесін облыс «Жетісу» ӘКК арқылы бөлмек, ал қалған 6 млрд теңге инвестицияны «Энергомост» консорциумы өзі құяды. Бірінші кезекте зауыттың бүгінге дейін бүтіндей сақталып келген барлық құрал-жабдықтары зерделеуден өткізіліп, қажетіне қарай жөнделіп, ауыстырылады.
Облыс басшысы осы орайда зауыттың мықты мамандарына арнап 20 пәтерлі үй салуды ұсынып, оның тиісті құжаттарын әзірлеп, күзде құрылысын бастауды аудан әкімі Ә. Далбағаевқа тапсырды.
Зауыт инвесторларына кәсіпорында ертеден еңбек етіп келе жатқан білікті мамандармен кеңесе отырып жұмыс істеуге кеңес берді. Сондай-ақ өңірдегі шаруа қожалықтарымен келісімшартқа отырып, өнім қабылдау кестесін де әзірлеп қою қажеттігін айтты. Зауыттың шикізат алғаны үшін шаруаларға төлейтін қаражаты, яғни өзінде артық қоры болуы керектігін де тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың желтоқсанына Ақсу қант зауытын іске қосудың барлық алғышарттары жасалып, іске кірістік. Ең бастысы ирригациялық жүйені қалпына келтіруден бастап дайын өнімді өндіруге дейінгі тұқым алу, арзандатылған бағамен жанар-жағармай алу, техникамен қамту, қызылша себу мен оны күтіп-баптау, жинау мен зауытқа өткізу сияқты барлық процестерді бір арнаға түсірдік. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар нәтижесінде қант қызылшасын себуге ниет білдіріп жатқан шаруашылықтар қатары артып келеді. Енді Ақсу қант зауытын іске қоссақ, бұл Ақсу, Алакөл, Сарқан аудандарының шаруашылықтары үшін және жергілікті тұрғындар үшін өзінің тиімділігін көрсететін болады», - деді А. Баталов.
Зауытты жөндеу және жаңғырту жұмыстарына әзірге жергілікті 250 тұрғынды жұмысқа тартып отыр. Маусымдық кезең басталған шақта жұмысшылар саны 700-ге жететін болады.
Жалпы облыста биыл 9 мың гектарға қант қызылшасы егіліп, мамыр айының он бесіне дейін тәтті түбір себу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.