«100 аурухана» бағдарламасы бойынша тапсырмаларды аяқтау алдағы үш жылдық бюджет мүмкіндігіне орай мемлекеттік-жеке әріптестік аясында қаралады - Е. Орынбаев

Тоқтала кететін жайт, талқылау барысында депутат Майра Айсина Елбасының аса маңызды ретінде тапсырған «100 мектеп» пен «100 аурухана» бағдарламасы жыл өткен сайын дұрыс жүзеге асырылмай келе жатқанын айтып, осы бағдарлама мерзімі бойынша 2011 жылы аяқталуы тиістігін алға тартты. «Жобаланған жүз денсаулық нысанының 64-і ғана берілді. Мектеп саласында да жағдай мәз емес», - деген депутат М. Айсина бұндай олқылыққа қарамастан ешқандай басшы жауапкершілікті алмағанын айтты. «Ақыр аяғы Үкімет осы бағдарламаны қашан аяқтайды?», - деп сұрады ол.
Өз кезегінде ҚР вице-премьері Ербол Орынбаев «100 мектеп» бағдарламасының орындалғанын, алайда үш ауысыммен, апатты жағдайларда оқытатын мектептер мәселесі шешілмей отырғанын айтты. Ал ол мәселелер алдағы жылдың бюджеттеріне қарай шешімін табатын болады. «100 аурухана» - шығыны көп бағдарлама. 64 нысан берілгенімен, қалғаны алдағы үш жылдық бюджет мүмкіндігіне орай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша қаралады», - дейді Е. Орынбаев. Оның айтуынша, бағдарлама алдағы екі-үш жыл ішінде шешімін табатын болады.