100-ден аса жекеменшік емхана алматылықтарға тегін қызмет көрсетеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматы тұрғындарына кепілдендірілген тегін медициналық көмекті 185 медициналық мекеме көрсететін болды. Олардың 104-і жекеменшік емхана, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

100-ден аса жекеменшік емхана алматылықтарға тегін қызмет көрсетеді

«Соңғы 2 жылда медициналық көмек қызметін мемлекеттік тапсырыс аясында көрсететін жекеменшік мекемелердің саны екі есеге артты. Биыл қалалықтарға 77 емхана қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 38 мекеме жекеменшік», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» басшысы Тілеухан Әбілдаев Интерфакста өткен жиында.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Биыл жекеменшік емханалардың қатарына тағы 11 мекеме қосылды. Бұл өз кезегінде кезекті азайтып, жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге жүктемені азайтады.

«Егер, адам үйінен қашық жердегі емханаға барып тіркелсе, ол кейбір тегін қызметтерді ала алмайды», - деді ол.

Сондай-ақ, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева дәрігерлерге жүктемесін азайту үшін биыл 88 жаңа мекеме ашылатынын хабарлады.

«Бұл - дәрігерлердің функционалды міндеттемелерін сапалы атқара алуы үшін қажетті шара. Дәрігерлер өзінің біліктілігін де көтере алады», - деді Әсель Бисенбаева.

Оның айтуынша, қазір денсаулық сақтау саласында цифрландыру қарыштап дамып жатыр.

«79 медициналық ұйым қағазсыз құжат айналымына көшті. Бүгінде 1,5 мың электронды төлқұжат жасалды», - деді ол.

Айта кету керек, биыл «Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры» КЕАҚ алматылық емханалармен 105,2 млрд теңгеге келісімшарт жасасты.