100-ден астам адам күнгейдегі Сары Айғыр шыңын бағындырды

АСТАНА ҚазАқпарат -. «Kazakh Tourism ҰК» АҚ Астананың 20 жылдығына орай өткізіліп жатқан шаралар аясында Түркістан облысында альпиниада ұйымдастырды. Қатысушылар ауырлығы 1Б категориясында Солтүстік жота бойымен Сары-Айғырдың шыңына шықты. Альпиниадаға 16 жастан жоғары 100-ден аса адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Kazakh Tourism ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

100-ден астам адам күнгейдегі Сары Айғыр шыңын бағындырды

Еске сала кетейік, альпиниада «Қазақстанның 20 тау шыңын бағындыру» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Альпинистердің алғашқы шыққан шыңы - Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы шың болды.

«Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқармасының басшысы Рашид Күзембаевтың айтуынша, ауқымды шара әлі де жалғасуда.

«Жоба аяқталған бойда альпинистеріміз Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркінде соңғы шыңды бағындырып, оны «Астананың 20 жылдығының шыңы» деп атаймыз», - деді Р. Күзембаев.

«Қазақстанның 20 тау шыңы» жобасының негізгі мақсаты - бағыттар мен соқпақтарды нақты анықтап, аталмыш бағыттарға жақын инфрақұрылымдарды дамыту бойынша ұсыныстар енгізу.

Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай «Ел жүрегі - Астана» атауымен арнайы ұйымдастырылған іс-шараларды жүзеге асыру аясында ел астанасында ғана емес, сондай-ақ, қала сыртында да әртүрлі шаралар өткізілуде.

Экспедицияның аяқталуына арналған баспасөз мәслихаты Астана қаласында 2018 жылғы 22 қыркүйекте сағат 11:00-де өтеді.



Фото: sxodim.com