100-ден астам із-түссіз жоғалған және «өлген» азаматтар белсенді өмір сүрген - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті соңғы 3 жылда із-түссіз жоғалған немесе өлдіге саналған тұлғалар туралы азаматтық іс шешіміне сараптама жүргізді, деп хабарлады қадағалаушы органның баспасөз қызметінен.

100-ден астам із-түссіз жоғалған және «өлген» азаматтар белсенді өмір сүрген - Бас прокуратура

Бас прокуратура мәліметтеріне қарағанда, соңғы 4 жылдың ішінде бұл санаттағы соттар қараған істер 21 пайызға өсіп, 979-дан 1186-ы іске дейін артқан.

«Мониторинг барысында прокурорлар соттар із-түссіз жоғалғандар не болмаса өлгендер деп танылған 112 азаматтың іс жүзінде белсенді өмір сүріп келгендігін анықтады. Із-түссіз жоғалған немесе өлді деп саналған азаматтар осы аралықта автокөлік құралдарын тіркеп, мемлекеттік шекараны кесіп өткен. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, түрлі қызметтер алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінген. Олардың жалақысынан міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып отырған», - делінген хабарламада.

Мәселен, Астана қаласы Алматы аудандық сотының шешімімен 2003 жылы Ж. есімді азаматтың жұбайының өтініші бойынша ол із-түссіз жоғалған деп танылып, ал 8 жылдан кейін өлді деп жарияланған.

Дегенмен, тексеру барысында осы жылдар ішінде аталған азаматтың туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысында тұрып жатқаны, қазіргі уақытта ауылдық мектептердің бірінде директор болып жұмыс істейтіндігі анықталған. Бұған қоса, әлі азамат өлді деп жарияланғаннан кейін 2 мәрте әкімшілік жауапқа тартылған.