100-ге жуық жылқыны барымталағандар ұсталды - Алматы облысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында тәртіп сақшылары барымташылар тобын қолға түсірді. Олар 100-ге жуық жылқыны ұрлаған деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қылмыстық топ құрамында 26 мен 46 жас аралығында 5 азамат болған. Олар Алматы облысының Талғар және Кеген аудандары мен Алматы қаласының тұрғындары болып шықты.

Қылмыстық тексеру барысында барымташылардың нақты үш фактіге қатысы бар екені дәлелденіп отыр. Келтірілген материалдық шығын 26 млн теңгеге бағаланды. Барлық үш қылмыс 2018 жылдың қазан, қараша айларында Кеген ауданында тіркелген. Күдіктілер Жалаңаш және Кіші Жалаңаш ауылы тұрғындарынан 87 бас жылқысын айдап әкеткен.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда ҚР ҚК 188-бабы, 4-бөлігі бойынша сот алды тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ, ұрланған малды іздестіру жалғасуда. Тәртіп сақшылары малдың сатылған жері мен сатып алған адамдарды да анықтаған.

Соңғы жаңалықтар