«100 қадам»: Азаматтардың сот жүйесіне сенімділігі судьялардың кәсібилігіне де көбірек байланысты - Ш. Нүсіпова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтардың сот жүйесіне сенімділігі судьялардың кәсібилігіне де көбірек байланысты. Бұл туралы бүгін журналистермен өткен брифингте Астана қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Шолпан Нүсіпова мәлім етті.

«100 қадам»: Азаматтардың сот жүйесіне сенімділігі судьялардың кәсібилігіне де көбірек байланысты - Ш. Нүсіпова

«Мемлекет басшысы Қазақстанды әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енуіне бағытталған бес институционалдық реформалардың жүзеге асуын қамтамасыз ететін «100 қадам» Ұлт жоспарын бекітті. Бұл жоспар жаңа тарихи жағдайда Қазақстанның мемлекеттігін нығайтады. Осы институционалдық реформаның екінші бағыты - заңның үстемдігін арттыру. Бұл ретте азаматтардың әділсотқа қолжетімдігін оңайлату үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру жүргізіледі, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшетін боламыз. Екінші мәселе азаматтардың сот жүйесіне сенімін көтеру ең алдымен судьялардың кәсібилігіне көбірек тәуелді. Сондықтан да, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетігі мен біліктілік талаптары мейлінше қатая түседі», - дейді Ш. Нүсіпова.

Оның айтуынша, судья лауазымына кандидаттарға жас шегі 30 жылға дейін көтеріліп, ондағы сот процесіне қатысу бойынша жұмыс өтілі бес жылдан кем болмауы талап етіледі. Сосын судья лауазымына кандидаттар стипендиясы төленетін бір жылдық тәжірибеден өтеді, содан кейінгі бір жыл сынақ мерзімі болмақ.

«Бұдан бөлек, судьялардың есептілігі күшейтіледі. Судья этикасының жаңа кодексі негізінде жеке және заңды тұлғалардың судьялар әрекетіне шағымдану құқығы кеңейтілмек. Бұл ретте ҚР Жоғарғы Сотының жанынан арнайы алқа құрылады. Онда екі комиссия жұмыс істейді, оның бірі судьялардың тәртіптік іс-әрекеттерін қарайтын болса, екіншісі біліктілік талаптарын тексереді», - деді судья Ш. Нүсіпова.