100 ҚАДАМ: Қазақстанда құрылыс саласында баға белгілеудің жаңа әдісі жүзеге асып келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрылыс саласында баға белгілеудің жаңа ресурстық әдісі нысандарды салудағы сметалық-нормавтиктік базаларды жаңа технологиялармен жедел жаңартуды қамтамасыз етеді.
Мұнда құрылыс нысандарының ағымдағы бағасы, материалдар мен жабдықтардың шынайы нарықтағы бағасы, жұмысшылардың еңбекақысын сметаға есептеудің мүмкіндігі қамтылады. Бұл туралы «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты» АҚ Құрылыстағы баға қалыптастыру орталығының директоры Бауыржан Жанұзақов журналистерге берген сұхбатында мәлім етті.
Орталық басшысының сөзіне қарағанда, құрылыс өнімдерінің бағаларын айқындайтын бұл әдістің бірқатар ерекшеліктері баршылық. Жаңа әдіс құрылыс сметасын жобаны жүзеге асыру үшін қажетті ағымдағы бағалар мен ресурстарға қатысты тарифтік шығындар элементін калькуляциялау жолымен жүргізіледі. Бұның өзі қарқынды дамып жатқан нарықтық жағдайға шынайы бейімделген әдіс екенін көрсетеді», - деді Б. Жанұзақов.
Оның айтуынша, Қазақстанда алғаш рет құрылыстағы баға белгілеудің ресрустық әдісіне 2015 жылдың 1 шілдесінен көше бастады. Ал бұған дейін құрылыстағы баға белгілеу базалық-индекс әдісімен 2001 жылғы бағалар деңгейінде есептеліп келген болатын.
Айта кетерлігі, аталған шара Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында қамтылып отыр. Құрылыс саласындағы реформаның екінші кезеңінде 2015 жылдан бастап жаңа техникалық реттеу жүйесіне көшуді және 2020 жылға дейін жаңа және ескі техникалық реттеу жүйесін «қатар алып жүру кезеңін» көздейді. Ал одан кейінгі үшінші кезең 2021-2025 жылдарға межеленіп отыр. Бұл кезеңде реформаның нәтижелері көрініс беріп, қорытындыланады деп күтілуде.