100 ҚАДАМ: Прокурорлардың азаматтық істер бойынша сот процесіне қатысу міндеті алынып тасталды - Б. Мақұлбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - «100 қадам» Ұлт жоспарында айтылған тапсырма бойынша, прокурорлардың азаматтық істер бойынша сот процесіне қатысу міндеті алынып тасталды. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Бағлан Мақұлбеков мәлім етті.

100 ҚАДАМ: Прокурорлардың азаматтық істер бойынша сот процесіне қатысу міндеті алынып тасталды - Б. Мақұлбеков

«ҚР Президенті жариялаған «100 қадам» Ұлт жоспарының 26-қадамында Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту туралы айтылды. Жалпы азаматтық істерге прокурорлардың қатысуы Кеңес заманынан қалған үрдіс болатын. Қазір елімізде экономиканың шарықтап, дамуына байланысты, нарықтың қатынастардың тереңдеп енуіне байланысты, жаңа қоғамдық қатынастар пайда болды. Осы қоғамдық қатынастарды реттейтін жаңа заңдар пайда болды. Осы өзгерістердің негізінде прокурорлардың азаматтық істер бойынша сот процесіне қатысу қажеттілігі болмай отыр», - деп атап өтті судья тілшімізге берген жауабында.

Оның келтірген деректері бойынша, 2014 жылы республика бойынша барлық қаралған істердің ішінде шамамен 73 мың істер бойынша, прокурорлар қатысқан. Бұл барлық қаралған істердің шамамен 11,3 пайызын құрайды.

«Ал апелляциялық тәртіптерде прокурорлар небәрі 1030 наразылық келтірген, кассациялық тәртіпте небәрі 520 ғана наразылық келтірген. Ал бақылау тәртібінде небәрі 94 наразылық келтірген. Осы келтірілген деректер, прокурорлардың азаматтық істер бойынша қатысуының қажеттілігі шамалы екендігін дәлелдейді. Дегенмен биыл 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңартылған Азаматтық істерді жүргізу талаптары бойынша прокурорлар егер сот процесінде мемлекеттің мүддесіне қарсы даулар қолданатын болса, өзінің құқықтары мен бостандықтарын өз беттерінше қорғай алмайтын халықтың мүдделерін қорғап және сот немесе прокуратура сол процеске қатысу керек деп тапқан жағдайда қатыса алады», - деді Б. Мақұлбеков.