100 келіден астам марихуананы саудаламақ болған Алматының 55 жастағы тұрғыны ұсталды
АСТАНА. 3 тамыз. ҚазАқпарат - Шу өңірінен әкелінген 100 келіден астам марихуананы саудаламақ болған Алматының 55 жастағы тұрғыны ұсталды,
деп хабарлады қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
«Бізге келіп түскен жедел ақпаратты мұқият тексеріп, қадағалауға тәжірибелі жедел уәкілдер жұмылдырылған болатын. Алматы қаласының тұрғыны, еш жерде жұмыс істемейтін Игнат есімді күдікті бұған дейін де бірнеше рет есірткі қылмысына байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды. Қазіргі кезде есірткінің қаламызға жеткізілу арнасы да әшкереленіп, аталған қылмысқа қатысты өзге де азаматтар анықталуда», - деп мәлімдеді Алматы қалалық ІІД Есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Денис Лоскутов.
Қолға түскеннен кейін күдікті өз қылмысын толығымен мойындап, өзінің алдағы қылмыстық жоспарларымен де бөліскен. Ол түн жамылып, есірткіні көтерме саудамен тез арада сатып жібермекші болған.
«Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК 259 бабы бойынша есірткі заттарын сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Осылайша біз аса ірі көлемдегі марихуананың таралу жолын кестік» - деп атап көрсетті Д.Лоскутов.
Айта кетейік, жыл басынан бері қалалық полиция қызметкерлері 313 есірткі қылмысын әшкереледі. Заңсыз айналымнан 300 келі, оның ішінде 237 келі марихуана, 27 келі гашиш, 12 келі героин, 87 келіден асатын басқада есірткі заттары алынды.