07:49, 06 Сәуір 2023 | GMT +5
«100 күнде 10 мың шұңқыр» акциясы: Өскемендіктер 200-ден астам шұңқырды жаматты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының тұрғындары «100 күнде 10 мың шұңқыр» акциясы аясында 200-ден астам шұңқырды жаматты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы наурыз айының аяғынан бері алғаш рет «100 күнде 10 мың шұңқыр» акциясы басталды. Мұндағы мақсат – бюджет қаражатының қайда жұмсалатынын халықтың өзіне шешуге мүмкіндік беру, азаматтық қоғам қалыптастыру.
«Сол үшін @Oskemen_bot телеграмм чат-боты ашылған. Өскемендіктер телефонмен жолдағы өздері байқаған шұңқырды фотоға түсіріп, сонда жіберіп отырады. Ал мердігерлер бірден шұңқырларды жамаған соң жұмыс нәтижесі желіде жарияланады. Бүгінгі таңда қала тұрғындарының өтініштері бойынша 200-ден астам шұңқыр жамалды. Өтініштер әлі де қабылданып жатыр», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде «100 күнде 10 000 шұңқыр» акциясы іске қосылғанын хабарлаған едік.