100 мыңға жуық астаналық жалпықалалық сенбілікке қатысуда (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада экологиялық айлық аясында «Біз таза қаланы қолдаймыз» экологиялық сенбілігі өтуде. Көктемгі тазалыққа 90 мыңнан астам қала тұрғындары шықты, елорданың коммуналдық шаруашылық қызметкерлерімен бірге қала тұрғындары көшелерді, жаяужолдар мен аулаларды тазалауда.

100 мыңға жуық астаналық жалпықалалық сенбілікке қатысуда (ФОТО)

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Оқушылар сарайына іргелес аумақта Астана әкімі аппараты мен қалалық мәслихат қызметкерлері 350 түп ағаш отырғызды. Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков те жалпықалалық сенбілікке қатысты. Әкімнің айтуынша, экологиялық акциялар бәрінен бұрын елорда тұрғындарының адамгершілік құндылықтарының қалыптасуына ықпал етеді.

- Біз барлығымыз туған үйімізге, қаламызға деген қамқорлықты тәрбиелеуіміз қажет. Әрбір адам көшелерді ретке келтіру тек коммуналдық қызмет жұмысшыларының ғана емес, Астананың әрбір тұрғынының парызы екенін түсінуге тиіс. Елорданың абаттандырылуы мен санитарлық жағдайы қазіргі таңда біздің жұмысымыздағы басты тапсырмалардың бірі, - деді елорда әкімі.

«Біз таза қаланы қолдаймыз» экологиялық сенбілігіне 92 000 адам, 5 000 кәсіпорын мен ұйымдар, 45 жоғары және орта мамандандырылған оқу орындары, 124 мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелер, 58 денсаулық сақтау мекемесі, 161 мемлекеттік мекеме, ведомстволар және ұлттық компаниялар қатысып жатыр. Сенбілікке қатысушылар қажетті құралдармен (күрек, тырна), қолғаптар мен қоқысқа арналған қаптармен қамтамасыз етілді.

Сенбілік кезінде 3 645 ірі көлемді ағаш көшеттері отырғызылады (қызыл тал, татар үйеңкісі, қарағай, қайың, емен, пирамидалы терек, шетен):

- «Алматы» ауданында 1489 ағаш отырғызылады (523 ағаш №46 көше бойында, 576 ағаш Есіл өзенінің оң жақ жағалауындағы саябақта, 350 ағаш Оқушылар сарайына іргелес аумақта, 40 ағаш Тоқпанов көшесі бойында);

- «Есіл» ауданында 1 925 ағаш (724 ағаш Ильинка кентіндегі әскери қалашық аумағында, 701 ағаш «Хан Шатыр» СОО айналасында);

- «Сарыарқа» ауданында Тілендиев даңғылы бойында, Ақан сері көшесінен Медеу көшесіне дейін 231 ағаш отырғызылады.

Еске сала кетейік, экологиялық айлық Астанада 13 сәуірден 13 мамырға дейін жалғасады. Бір ай ішінде қала абаттандырлып, жасылдандырылады, Астанадағы әлеуметтік нысандар аумағы, сонымен қатар, елордалық саябақтар мен шағын бақтар тазаланады.