100 нақты қадам аясында тамыздың соңында Парламент қарауына 52 заң жобасы енгiзiледi - З.Баймолдина
"Әдiлет министрлiгi елiмiздегi заң жобалау жұмыстарының үйлестiрушiсi болғандықтан, бiз "100 нақты қадам" бағдарламасын жүзеге асыруға қажеттi заңнамалардың қабылдануы саласында желiлiк кесте құрдық. Қазiргi таңда қолымызда тамыз айының соңында Парламент қарауына енгiзiлетiн 52 заң жобасы бар. "Нақты 100 қадамды" жүзеге асыруға қатысты тағы 11 заң жобасы 2016-2017 жылдары әзiрленедi", - деп хабарлады З.Баймолдина.
Вице-министр атап өткендей, Әдiлет министрлiгi үшiн де, барлық мемлекеттiк органдар үшiн де жұмыстың қызған кезi - осы заң жобалары әзiрленiп жатқан тұс.
"Жоғарыда айтқан 52 заң жобасының iшiнде депутаттардың бастамасы бойынша дайындалған 10 заң жобасы бар. Яғни, Ұлт жоспары - нақты 100 қадам" бағдардарламасындағы мiндеттердi орындау үшiн атқарушы органдар да, билiктiң заң шығарушы тарабы да қарқынды жұмыс iстеп жатыр. Бұның барлығы - өзара үйлестiрудi қажет ететiн жұмыстар. Ал, осы 52 заң Парламент қарауына енгiзiлгеннен кейiн заң әзiрлеушi тараптар бiрлескен отырыс өткiзiп, заң жобаларының мазмұны мен мiндеттерiн салмақтайды. Ең бастысы, заң жобалары сапалы болуы керек", - дедi өз пiкiрiн бiлдiрген З.Баймолдина.