100 нақты қадамды жүзеге асыру үшін жаңа Парламент керек - Ғ.Нығметов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформа аясында "Ұлт жоспары - 100 нақты қадам" бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Парламент керек, - дейді Парламенттің өзін-өзі тарату туралы ұсынысына қатысты пікірін білдіре отырып, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті, «Болашақ» бағдарламасының əкімшісі Ғани Нығметов.
"Бүгін жаңалықтардан естіп жатқанымыздай, депутаттар Президентке кезектен тыс парламенттік сайлау өткізу туралы ұсынысын айтыпты. Өз басым "Болашақ" стипендиясының түлегі ретінде, жас азамат ретінде бұл шешімді қолдаймын. Бүгін дүниеде, жалпы, жаһандық экономикада болып жатқан құбылыстарға бұл дұрыс жауап деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, əлемдік саясат пен экономикадағы қолайсыз жағдайларға төтеп беру үшін Президент Ұлт жоспары - 100 нақты қадам бағдарламасын ұсынған. Міне, осы 100 нақты қадамды тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Парламент керек. Парламентке осы экономикалық проблемаларды жақсы түсінетін, реформаларды қолдап, оны іске асыратын жаңа депутаттар керек. Сондықтан, уақыт жоғалтпай, кезектен тыс парламенттік сайлау өткізіп, Парламентімізді сайлап алуымыз керек", - дейді Ғ.Нығметов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 13 қаңтар күні таңертең Парламент Елбасы Н.Назарбаевқа өзін-өзі тарату туралы Үндеу арнады.