«100 нақты қадамның» 23-і толық орындалды - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 23-і толық орындалды. Бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің аралық қорытындыларына арналған кеңес барысында осылай мәлім етті.

Кеңесте Мемлекет басшысы өткен кезеңдерде атқарылған жұмыстар алға қойған реформаларды тікелей жүзеге асыру үшін жағымды ахуал қалыптастырып отырғанын атап өтті.

«Біз айқындаған бес институционалдық реформа - бұл жаңа экономикалық шынайылық жағдайындағы кешенді даму жоспары. Сондықтан да Ұлт жоспарын сапалы орындау - бірінші кезектегі негізгі міндет. Осы аралықта үлкен жұмыстар атқарылды. Үкімет қажетті заңдарды, тиісті нормативтік актілерді қабылдады, меритократия қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет моделі енді, әділсот жүйесінің үшбуынды жүйесіне көшу жүргізілді. Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңес те жұмысқа кірісті. Бұдан бөлек, судьяларға қойылатын біліктілік талаптары да қатайтылды. Салықтық және кедендік саясатты жетілдіру жөніндегі жұмыстар атқарылу үстінде. Ауқымды жекешелендіру жүзеге асуда, елді индустрияландырудың екінші кезеңіне қадам бастық, әлеуметтік саясат та жетілдірілу үстінде, мемлекеттің есептілігі күшейтіліп жатыр. Тұтастай алғанда бүгінгі күні «100 нақты қадамның» 23-і толығымен орындалды», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар