«100 жаңа есім» жобасы: пікірталас қыза түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғам белсенділері «100 жаңа есім» жобасына кімді ұсыну керек деген мәселеге қатысты қызу пікірталас жүргізуде. Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен басқосуда қоғам белсенділері «100 жаңа есімді» халық таңдауы керек деген тоқтамға келді.
«100 бюро» бастамасы шеңберінде өткізілген кездесуге қатысушылар тізімге кірген азаматтардың күткен сенімді ақтамаюы мүмкін деген де пікірлерін айтты. ММА қауымдастығы төрағасының орынбасары Анатолий Ким: «Мысалы, мен тәлімгер ретінде өзім үміт артқан жас спортшының кандидатурасын ұсынатын болсам, ол ең алдымен менен: «Мұның маған керегі не?» деп сұрайды. Міне, менің түсінбейтінім, неге адамдар «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына кіруге мүдделілік танытпауы керек?» деген сауал қойды.
Журналист Махаббат Есеннің пікірінше, жаңа жоба еліміздегі жаңа таланттарды анықтауға көмектеседі. «Менің түсінуімше, бұл жоба ең біріншіден, ақпараттық науқан. Өйткені, оның бірінші кезеңінде осы жобаға лайықты деген үміткерлердлі табу керек. Кім білсін, бәлкім іріктеу барысында біздің қоғамнан тағы Димаш Құдайберген шығатын шығар? Ендеше неге мемлекет сол талантты әлемдік деңгейдегі беделді байқауларға жібермейді? Немесе қандай да бір жас ғалым шықты делік. Неге біз оның әлемдік деңгейдегі бәсекеде жарқырап көрінуіне жол ашпаймыз?»,- деген ой-пікірін білдірді ол.
Анатолий Ким өз әріптесінің ұстанымымен келіспейтінін ашық айтты. Оның айтуынша, егер таңдалған үміткер үмітті ақтамаса дүйім жұрттан ұят болады. «Мен кішкентай Геннадий Головкиндерді күнде көріп жүрмін. Бірақ олардың қайсысы күні ертең Головкин сияқты мықты спортшы болатынын ешкім де білмейді. Мысалы, мен сіздерге керемет бір талантты спортшыны тауып бердім делік. Үміт артып, оған қыруар ақша жұмсаймыз. Әртүрі елдерге, түрлі жарыстарға апарамыз. Ал ол ешқандай да үмітті ақтамаса ше? Ұятқа қалмаймыз ба? Миллиондардың арасынан суырылып шығып, чемпион болу әркімнің қолынан келе бермейді»,- деп түсіндірді өз ойын А. Ким.
Ал Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің пайымдауынша, «100 жаңа есім» жобасының түпкі мақсаты - қоғамның әрбір мүшесінің өз жақын-жуықтарына деген қызығушылығын ояту. «Бұл жерде күмән да болуы мүмкін. Өйткені, іріктеу, критерийлер және таңдау деген үш кезең болады. Бірақ жобаға кімнің кіретінін қоғамның өзі таңдайды»,- деді ол.
Басқосудың нәтижесінде қоғам белсенділері «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасына кіруге лайықты?» деген сауалға жауап беретін жұмыс тобын құруға шешім шығарды. Осы жұмыс тобының мүшелері үміткерлерді іріктеу қалай жүргізілетінін анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» атты жоба 2017 жылдың 8 маусымында іске қосылды. Бірінші кезеңде краудсорсинг негізінде өтініштер қабылданады. Атап айтарлығы, бұған қалың көпшілік кеңінен тартылады. Бір ерекшелігі, өмір жолы мен жеткен табыстары айналасындағы жандарды шабыттандыратын қазақстандықтар туралы кез-келген адам әңгімелей алады. Өтініштерді іріктеудегі ең басты критерий - ұсынылған адамның тәуелсіз Қазақстанның дамуына нақты қосқан үлесі ескеріледі.
Өтініштер 100esim.el.kz сайтында қабылданады. Ол жерде жұртқа ашық жағдайда барлық әңгімелер ұсынылады. Сол оқиғалардың ішінен ұнатқаны болса кез-келген адам өзінің пікірімен әлеуметтік желілерде бөлісе алады. Сайып келгенде, жұмыс тобы мен арнайы комиссия қоғамдық пікірді ескере отырып, «100 жаңа есім» жобасының лайықты қатысушыларын таңдайды.