«100 жаңа есімге» қосуға лайықты жастар әр ауылда бар - полиция ардагері
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстандық полиция ардагері Қасымхан Ақтаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жайында пікірін білдірді. Ес білгелі ел тыныштығын күзеткен ел ағасы мақаладағы «100 жаңа есім» жобасы көңілінен шыққанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қасымхан Ақтаевтың сөзінше, аталған жоба арқылы қоғамның назарын қазіргі заманның ірі тұлғаларына аударуға болады. Олардың өмірі әр қазақстандықтың өз арманына жету жолындағы бағдарына айналуы тиіс.
Ардагердің пікірінше, «100 жаңа есім» тізіміне ел дамуына үлес қосып жүрген жастарды да қосқан дұрыс. Олардың еңсесін тіктеп, осы бағыттан тайдырмау үшін ынталандырып, жігерлендіріп отыру маңызды.
«Баяғыда еңбек ері болған, батырлар болған. Ал, қазір әр ауылда «100 жаңа есім» қатарына қосуға тұрарлықтай жастар өсіп келе жатыр. Олар батыр атанған ел ағаларына, апаларына ұқсап бой түзейді. Өнегелі жастардың ізімен өскелең ұрпақ жүреді. Сондықтан тәрбиелік маңызы зор шараны жастардың арасында көбірек насихаттап, қолға алған дұрыс»,-дейді полиция ардагері Қасымхан Ақтаев.