«100 жаңа оқулық» жобасы қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырды – Қырымбек Көшербаев
«Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық жобасы» іске асырылды. Аталған жобаның арқасында қазақстандық гуманитарлық білім саласы толықтай жаңарып, жаңа деңгейге көтерілді. Дүнижүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарының ең беделді ғалымдары дайындаған оқу құралдары қазақ тіліне аударылып, еліміздің барлық оқу орындарына жетті. Әлемнің ең озық университеттерінің оқу мазмұны жарты миллионнан аса қазақстандық студенттің қолына тиді. Университеттеріміздің оқу бағдарламаларына кірді. Бұл тұрғыдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «100 жаңа оқулық» жобасы «Болашақ» бағдарламасының жалғасы іспеттес. Сонымен бірге бұл бастама қазақ тілінің жаңа қоғамына сай жаңа біліммен 21 ғасыр азаматтарын қажетті ақпаратпен толықтырды. Тіліміздің ғылыми әлеуеті артты», - деді кеңейтілген мәжілісті ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, «100 жаңа оқулық» жобасының арқасында кәсіби, академиялық және көркем аудармашылар ортасы қалыптасты. Өзіндік жұмыс технологиясы, стилі, терминологиясы бар аударма мектебі пайда болды. Жобаға қатысқан жүздеген маман кәсіби шыңдалып, аудармашы ғана емес ұстаз, ғалым, зиялы орта өкілі ретінде жаңа қырынан танылды.
«Осының барлығы біз ел ретінде қысқа ғана уақытта қол жеткізген, бірақ, біздің руханиятымызға көп жыл жемісін беретін нақты жұмыстың ауыз толтырып айтарлық нәтижесі деуге әбден болады», - деді Мемлекеттік хатшы.