100 жылқының дауы: ақтөбелік жылқышыға пәтер сыйға берілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бүгін ақтөбелік кәсіпкер сотталып, кейін рақымшылыққа іліккен жылқышы Рахат Сәрсеновке баспана кілтін тапсырды. Ал оның ауылдағы үйінің өзі кепілде тұр. Kazinform тілшісі Сот кабинетіндегі азаматтық істің шешімімен, қылмыстық істердің үкімімен танысты.
Рахат Сәрсеновтің өз үйі Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылында. Бірақ қазір жалғыз баспанасының өзі кепілде тұр. Оны алуы үшін 10 млн теңге төлеуі тиіс. Неге?
Азаматтық іс
Азаматтық істің шешімі биыл 3 сәуір күні шықты. Іс материалына сүйенсек, 2019 жылы шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуов пен Рахат Сәрсеновтің арасында шығынды өтеу туралы келісім жүргізілген. Келісім бойынша Рахат Сәрсенов 2014 жылдың 20 наурыз айынан бастап жылқышы болып еңбек еткен. 2018 жылы 60 бас жылқы жоғалып, шығын 10 млн теңге болған. Екеуі келісіп, Рахат Сәрсенов шығынды өтеуге уәде еткен. Осыдан кейін Рахат Сәрсенов өз жұмысын жалғастырады және алдағы бес жылда ешқайда ауыспайтынын айтады. Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылындағы үйді кепілге қояды. Келісім нотариус арқылы расталған. Шаруашылық иесі Тәжіғали Елеуов биыл осы келісім негізінде азаматтық талап арыз түсіреді, қарызды өтеуді сұрады.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Тәжіғали Елеуов 1993 жылы Мұғалжар ауданының Жалғыз ағаш жерінде «Тайбурыл» ШҚ құрады. Шаруашылықта асыл тұқымды шамамен 2 500 бас жылқы болады. Кәсіпті қайта жандандырғанда екі үйірдің біріне жылқышы Рахат Сәрсенов ие болады. 2019 жылы санақта 60 бас жылқы, ал 2024 жылы 40 бас жылқы жетпеген. Сағашилідегі үйді бір кездері өзі алып берген. Рахат Сәрсенов болса жоғалған жылқы жайын білмеймінін, ал нотариуста қол қой деген жерге ғана өз қолтаңбасын қойғанын айтқан. Мұғалжар аудандық сотының шешімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Сот Тәжіғали Елеуовтің пайдасына 10 млн теңге өндіру шешімін шығарды.
Қылмыстық іс
Ал қылмыстық іс үкімі биыл 15 мамыр күні шықты. Іс материалында сүйенсек, 2019 жылы қожалық иесі Тәжіғали Елеуов жылқышы Рахат Сәрсеновке 360 бас жылқы тапсырған. 2023 жылғы 14 мамырда сағат 15:00 шамасында Мұғалжар ауданы Еңбек ауылдық округіне қарасты Жалғыз ағаш малшы нүктесінде орналасқан «Тайбурыл» шаруа қожалығына Е. Ж. Амиралин келіп, бір бас жылқы алғысы келгенін айтқан.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйенсек, Рахат Сәрсенов жылқыны 500 000 теңгеге сатып жіберген. 2019 жылғы 1 мамыр мен 2024 жылғы 2 қаңтар аралығында 39 бас жылқыны талан-таражға салып жымқырған. Айыптау актісі бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасап, салдарынан Тәжіғали Елеуовке жалпы 30 000 000 теңге болатын аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтірген. Сотта Рахат Сәрсенов тағылған айыпты толық мойындамады. Бір бас жылқыны міне тұруға бергенін, ал 39 бас жылқы туралы мүлде естімегенін айтты. Себебі санаққа өзі қатыспаған. Жылқы бағып жүргенде мал ұрлану, жоғалу фактісі болмаған. Сотта бірнеше адам куәлік еткен. Бірі Рахат Сәрсеновтің мойындағанын айтса, енді бірі санақ жүргізілген сәтте жанында болмаса да құжатқа қол қойғанын жасырмады. Сот үкімімен Рахат Сарсенов ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленді. Сонымен бірге азаматтық талапкер Тәжіғали Елеуовтың пайдасына 30 000 000 теңге өндірілді.
Апелляциялық саты
Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаулыны 30 шілде күні шығарды. Сот отырысында қорғаушы адвокат Г.Ипатов үкімнің күшін жойып, Рахат Сарсеновты ақтауды сұрады. Жылқыларды сатқанын, айырбастағанын, жасырғанын, сойғанын немесе өз пайдасына жаратқанын растайтын бірде-бір дәлел болмаған. Мұғалжар аудандық соты тек мал санының жетіспеу фактісін негізге алған.
Жылқының нақты қандай жағдайда жоғалғаны анықталмаған, табиғи шығынға ұшырауы, қырылуы, ұрлануы немесе басқа себептері толық тексерілмеген. Апелляциялық сотта прокурор сотталушы Рахат Сарсеновтың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігіне қайта саралау қорытындысын оқыды. Сот алқасы ҚР ҚПК-нің 431-бабы 1-бөлігінің 2-тармағын, 443-444-баптарын басшылыққа алып, Мұғалжар аудандық сотының 2026 жылғы 15 мамырдағы үкімін өзгертті. Рахат Сәрсеновтің іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4- бөлігінің 2-тармағынан Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігіне қайта саралады. Оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 2025 жылдың 23-маусымындағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 3-бабының 1-бөлігіне сәйкес жаза 3 айға қысқартылды.