100 ЖОО-ның басшылары партаға қайта отырды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның 100 жоғары оқу орнының басшылары Назарбаев Университетінде «Academic Leadership Institute» бағдарламасы бойынша оқуды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ректорларды оқыту – Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасы.
Оқу бағдарламасының басталуына министр Саясат Нұрбек қатысты.
Оның барысында ЖОО-лардың басшылар құрамы – ректор, проректор, декандар және департамент директорлары өз білімдерін жаңартып, жоғары оқу орындарын тиімді басқару үшін қажетті жаңа дағдылар мен инновациялық технологияларды игермек.
«Academic Leadership Institute» бағдарламасы жаңа білім көзі ғана емес, сонымен қатар жоғары білім беруде басқарушылық инновацияларды тарату үшін кәсіпқойлардың нетворкингіне, мәселелерді талқылау және өзара әрекеттесуге арналған тамаша алаң болады», - деп атап өтті Саясат Нұрбек.