1000 теңгелік киімге талас: Қызылордада дүкен иесіне айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордадағы сауда орталығында жеңілдікпен сатылған киімдерді тарату кезінде келеңсіз жағдай болды.

сырт киім
Коллаж: Kazinform/Canva

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада сауда нүктесіне жиналған тұрғындардың киім алу кезінде итерісіп, бір-бірімен таласқан сәті бейнеленген.

— Бұл — Қызылордадағы «Жібек жолы» сауда үйінің 3-қабатында 4 қараша күні болған жағдай. Адамдарды қорлау емес пе бұл?! Ортаға бір қапты лақтырып жіберген. Содан кейін адамдар 1000 теңгелік күртелерді алу үшін бір-бірінің үстіне шығып, таласа бастаған. Киімдерді бір-бірден, кезекпен таратуға болмай ма? — делінген Instagram әлеуметтік желісіндегі KritikaKyzylordy парақшасындағы жазбада.

Әлеуметтік желі қолданушылар қауіпсіздік талаптарының сақталмауына және науқанның ұйымдастырылуына сын айтты. 

Қызылорда әкімдігі аталған мәселеге байланысты түсінік берді.

— 4 қараша күні өткізілген науқан аясында қауіпсіздік шараларының сақталмауына байланысты дүкен иесіне айыппұл салынғанын хабарлаймыз, — делінген ресми жауапта.

Еске салайық, жыл басында Қызылорда қаласында спорттық аяқ киімдер дүкенінде барлық затты жеңілдікпен жаппай сатылымға шығаруына байланысты халық арасында дүрбелең туындаған. Оқиғаға байланысты кәсіпкер кешірім сұрады.