1000 жаңа мектептің салынатыны білімге үлкен сеп болмақ - депутат

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Елімізде 2025 жылдың соңына дейін 1000 жаңа мектеп салынатыны да ел әлеуетінің көтерілуіне үлкен сеп болмақ. Президент жолдауына мұндай пікірді «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тойлыбаева Гүлнар Қожағұлқызы білдірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1000 жаңа мектептің салынатыны білімге үлкен сеп болмақ - депутат

«Елімізде 2025 жылдың соңына дейін 1000 жаңа мектептің салынатыны да ел әлеуетінің көтерілуіне үлкен сеп болмақ. Менің ойымша, білім күніне орай жарияланған жаңа Жолдау қазақстандықтарға жаңа серпін, болашаққа деген сенім ұялатты. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында еліміздегі індетпен күрес, сыртқы саясат пен халықаралық байланыстарды нығайту, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту сынды маңызды мәселелердің барлығын көтеріп қана қоймай, сын көтермейтін бірқатар үрдістерге қатысты қатаң тапсырмалар берді. Алдағы уақытта біз экономиканы дамытып, әлеуметтің әлеуетін арттыруға, халықтың табысы мен күнкөрісін жақсартуға және шешімін табуы тиіс шұғыл мәселелерді бірден шешуге бірігіп жұмыс атқаратын боламыз. Мемлекет басшысы алдыға қойған 2025 жылға дейінгі барлық мақсат-міндеттер «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасының бағыт-бағдарымен үндестігі – партиялықтардың жаңа серпінмен жұмыс атқаруына демеу болмақ»,- деді депуптат Гүлнар Қожағұлқызы.

Айта кетейік, Президент жолдауында орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы екеніне ерекше тоқталды.

«225 мың оқушыға орын жетіспейді.Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді.Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаудағы сөзінде.

Сондай-ақ, халық қалаулысы Президент Жолдауы - әлеумет әлеуетін көтеруге жаңа бағыт боларына сенімді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.Жолдауда бізді қуантқан маңызды мәселе – мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары болды. Ең бастысы келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілмек. Бұл шара ең төменгі жалақы алатын тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен қолдау, уақытылы жасалған мүмкіндік. Мемлекет басшысы елдегі қуаңшылық пен ауыл шаруашылығы саласына да ерекше назар қойып, мал жайылымдары мен азық-түлік бағасына орай нақты тапсырмаларын берді. Партия алаңында осы маңызды мәселелерді бірнеше рет талқылаған біз үшін бұл жақсы жаңалық. Мемлекет тарапынан қарапайым шаруаларға қолдау танытылса, азықтүлік бағасын бақылауға алып, жалақы мөлшері ұлғайса ел тұрғындарының әлеуеті көтерілмек. Бұдан бөлек биылғы Жолдауда мәдениет саласы қызметкерлеріне, кітапханашылар мен мұрағатшыларға ерекше көңіл бөлініп, жалақыларын орта есеппен 20 пайызға арттыру қарастырылды. Партиялықтар алдағы 5 жылда Сайлауалды бағдарламасында дәл осы сала қызметкерлерінің табысын арттыруға ерекше көңіл бөліп, үкімет есебінен қаражат қарастырылуына мұрындық болған еді. Бүгін бұл Қасым Жомарт Кемелұлының Жолдауында қолдау табуда. Тұрғындардың баспанамен қамтылу мәселесі де баса назарға алынып, алдағы уақытта зейнетақы қорындағы қаражатымызды «Отбасы банк» арқылы аударым жасап, баспаналы болуға жаңа мүмкіндіктер ашылатын болды. Нұротандықтар үшін маңызды жаңалық - 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтетіндігі болды. Бүгінгі күні елімізде өткізіліп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауы бұл ауқымды саяси науқанның бастамасы іспетті. Алдағы уақытта осы сайлаулардың тәжірибесі негізінде аудан әкімдерін де тұрғындар сайламақ. Партиялықтар өз тәжірибесінде өткізген праймериз бен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы – демократиялық үрдістің бастауы», - деп ойын қорытындылады Г. Қожағұлқызы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін елімізде маңызды оқиғаның бірі – Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасады.