"1001 түйін" деп аталатын жаңа кітап жарық көрді
АЛМАТЫ. 22 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда "1001 түйін" деп аталатын жаңа кітаптың таныстыру рәсімі өтті. "Алтын арқау" мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, журналист, этнограф Ғалия Қайдауылқызының бұл екінші кітабы.
"Бұл нақыл сөздерді оқырманның ойына оттық, сөйлерменнің тіліне тиек болар деген үмітпен кітап қып шығарып отырмын. Онда ес білгеннен ес-дәптерімде жазылып сақталғандарды ескеріп, саралап, салалап, ой елегінен өткізіп, он сегіздің сезімін алпыстың ақылымен астастырып, шиыр-қиыр жолдарды ақ параққа аудардым", - дейді Ғалия Қайдауылқызы. 1001 жұмбақ, 1001 мақал, 1001 түн деген бұрыннан айтылып жүрген сөздер. Автор 1001 дегенді бүтінділген дүние деп түйіндеп отыр. Ондағы нақылдардың бәрі оқиғаларда, түрлі кездесу мен жиындарда туған қанатты сөздер. Оның алғашқы бір бөлігі қаламгердің өткен жылы жарық көрген "Жүректегі тәтті мұң" деп аталатын алғашқы жинағына енген болатын. Бұл жолы нақыл сөздер жеке кітапққа топтастырылып отыр.