10 млн туристің 9 млн-ы қайда қонғанын білмейміз — Ержан Еркінбаев

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Қазақстандағы цифрлық туризм — 2025» форумы өтіп жатыр.

Туризм вице-министрі
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Kazakh tourism ұйымдастырған іс-шара барысында туризм саласындағы озық ІТ-шешімдер мен технологиялық трендтер ұсынылды. Үш панельдік пікірталас аясында туризм индустриясындағы цифрландыру мәселелері, туризмді дамытудағы мемлекеттік цифрлық қызметтердің рөлі және өзге де тақырыптар талқыланды.

Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев қонақ үйлердің көпшілігі туристер туралы деректерді жинап, пайдалануға көмек беретін eQonaq платформасын қолданбай отырғанын мәлімдеді.

— Келген туристерді тіркеу үшін eQonaq қосымшасы әзірленді. Ол арқылы 1 минут ішінде көші-қон қызметіне келген қонақ туралы ақпарат беруге болады. Бірақ оны барлық қонақ үйлер қолдана бермейді. 2024 жылы елімізге шетелден 15,3 млн адам келсе, оның 10,4 млн адамы елімізде бір күн қонды. Осы адамдарды біз турист дей аламыз. Қосымшадан алған деректерге сүйенсек, олардың 1 миллионы қонақ үйде болған. Қалған 9 миллионы қайда болғанын білмейміз. Олардың барлығы шатырда жатуы не туысқандарының үйінде болуы мүмкін бе? Жоқ, сондықтан деректерді барынша нақты жинауға көмектесетін жаңа ұсыныстарды қабылдаймыз, — деді ол.

Сонымен қатар Ержан Еркінбаев заңға өзгеріс енгізіп, ұялы байланыс операторларының деректерін алу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

— Одан бөлек біз заңға өзгеріс енгізіп, статистика органдарының құзыретін кеңейткіміз келеді. Мысалы, көптеген елде туризм саласы бойынша ұялы байланыс операторларының деректеріне сүйенеді. Ал бізде ұялы байланыс операторларының деректері қолжетімсіз не өте қымбатқа сатылады. Бізге туристердің Қазақстанда қанша қаражат жұмсайтынын білу маңызды, — деді вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін туристерге арналған TravelStan қосымшасы жыл соңына дейін іске қосылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар