Туристерге арналған TravelStan қосымшасы жыл соңына дейін іске қосылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Қазақстандағы цифрлық туризм — 2025» форумы өтіп жатыр.

Іс-шара барысында ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев цифрлық құралдарға үлкен мән беріліп жатқанын атап өтті.
— Еліміздің әр өңірінде цифрлық платформалар әзірленіп жатыр. Мысалы, Алматы Mastercard-пен өзінің қосымшасын іске қоспақшы. Бірақ бұл құралдардың барлығы өзара байланысуы қажет, — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, туризм саласындағы барлық қажетті қосымшаларды біріктіретін бір платформа биыл іске қосылады. Ол арқылы турист өзіне қажетті барлық қызметті ала алады.
— Жоспарымыз бойынша жыл соңына дейін TravelStan қосымшасы іске қосылады. Осында «стан» деген сөз Ауғанстан деген секілді адамдарды қорқытады деген пікір бар. Бірақ еліміз Қазақстан және еліміздің мәдениеті, тарихы бай, табиғатымыз бен көрікті орындарымыз көп, сондықтан TravelStan деп маркетингтік қадам жасайық деген ой болды. Бұл платформа туризм саласындағы барлық цифрлық ресурсты біріктіреді. Бірақ сервистерді кіріктіру үшін қосымшамыз алдымен қауіпсіздік талаптарын орындап, сынақтан өтіп, дайын өнім болуы керек, — деді Ержан Еркінбаев.
Еске салайық, бұған дейін жасанды интеллектіге негізделген TravelStan қосымшасы әзірленетінін жазғанбыз.